ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ – ҚҰРМЕТ

0

Мамыр айының соңғы жексенбісі күні химия өнеркәсібі саласының қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Осы мерекеде, Қарасу ауылында орналасқан «КОRCEМ» ЖШС, қазақ-сингапурлық бірлескен кәсіпорнының рөлі ерекше маңызды. Зауыт еліміздегі цемент өндірісі саласында жетекші орындардың бірін иеленуде. Оның өнімдері құрылыс саласы үшін негіз болатын маңызды шикізат болып табылады.

Зауыттың алға қойған мақсаты – сапалы әрі бәсекеге қабілетті цемент шығару. Бұл мақсатқа жету үшін, зауытта озық зертханалық зерттеулер мен талдаулар жүргізілуде. Зертхана қызметкерлері цемент өнімдерінің құрамы мен физикалық-механикалық қасиеттерін анықтап, сапаны бақылау жүйесін қамтамасыз етеді. Олар өндірісте қолданылатын шикізаттың сапасын да мұқият тексереді, бұл кепілдік беретін өнімнің тұрақтылығын және ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді.

Зауыт жұмысының негізінде, кадрлардың жоғары біліктілігі мен кәсіби дағдылары жатыр. Білікті мамандармен қамтылған команда, өндірістік процестің әр кезеңінде өз үлесін қосып отыр. Мәселен, зертхана жетекшісінің орынбасары Светлана Пискунова бастаған ұжым, зауыттағы өнімдердің сапасына алдын ала талдау жасау және зерттеу жұмыстарын атқаруда. Олар сапалы өнім шығару жолында зерттеу мен талдау нәтижелерін ескере отырып, шешімдер қабылдайды.

Светлана Валерьевна, Үсөнгазы Асаналиев атындағы Қырғыз мемлекеттік геология, тау-кен ісі және табиғи ресурстарды игеру университетін тәмамдаған. Ол 2024 жылдан бері «КОRCEМ» ЖШС-да жұмыс атқарады. Оның айтуынша, зауытта шығарылатын өнімнің сапасына алдын ала талдау және зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Зертхана қызметкерлері өнімнің сапасын қамтамасыз ету үшін үздіксіз жұмыс істейді. Өнімнің барлық кезеңдерін зерттеп, сапалы цемент өндіруге үлес қосады.

«Біз күн сайын өнімнің сапасын арттыру үшін жұмыс істейміз. Зертханада өткізілетін әрбір сынақ, әрбір талдау – бұл өніміміздің болашағын қалыптастыратын қадамдар. Біздің басты міндетіміз – тұтынушыларға ең жоғары сапалы цемент ұсыну. Бұл, әрине, біздің ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі», – дейді Светлана Валерьевна.

Зертхана жетекшісінің орынбасары, өндірістік процесс барысындағы маңызды өзгерістер мен жаңартуларға үнемі назар аударады. Ол өндірістің заманауи технологиялармен жабдықталғанын атап өтті.

«Жаңа инновациялық шешімдер мен тың идеяларды енгізу – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Біз тек өнімнің сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар экологиялық талабы мен стандарттарға да жауап береміз», — деді ол.

Оның пікірінше, химия өнеркәсібіндегі жетістіктер тек өнімнің жоғары сапасымен ғана байланысты емес, сондай-ақ жұмыстың жоғары деңгейінде болуы да маңызды.

Аталмыш сала мамандары әр күннің жаңа мүмкіндіктер мен сынақтарға толы екенін және олардың бәрінде белсенді қатысу маңызды екенін түсінеді.

«Біздің жұмысымыз – бұл әрқайсымыздың жемісті еңбегіміз. Біз болашақ үшін құрылыс саласының негізін қалаудамыз», — деп пікірімен бөлісті Светлана.

Зауыттың жоспарлы қуаттылығы жылына 1 млн. 200 мың тонна цемент өндіруге жетеді. Бұл, өз кезегінде, зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұтынушылардың сеніміне ие болуына септігін тигізбек.

Химия өнеркәсібі саласындағы мамандардың қажырлы еңбегі мен адал жұмысы еліміздің химия индустриясының дамуын қамтамасыз етіп, халықтың игілігіне қызмет етуде. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына күш саларына сенім артамыз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.