Степной ауылдық округіне қарасты Қалғұты ауылындағы №52 орта мектептің оқушысы Арайлым Ануарбек Ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Мұндай көрсеткіштің соңғы жылдары ауданымызда сирек кездесетінін ескерсек, бұл — үлкен мақтаныш әрі зор жетістік.
Арайлымның білімге деген құштарлығы, талмай ізденуі мен тынымсыз еңбегінің арқасында осындай тамаша нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Инемен құдық қазғандай» қажырлы еңбек пен табандылық әрқашан жемісін беретіні осыдан-ақ көрінеді.
Бұл жетістік — тек шәкірттің ғана емес, сонымен қатар оған сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздар қауымының да еселі еңбегінің нәтижесі. Бала тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан ата-анасының қолдауы да айрықша екенін атап өткен жөн.
138 балл жинаған жас түлек енді жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, елге қызмет ететін білікті маман атанатынына сенім мол.
Арайлымды осы тамаша жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы өмір жолында толағай табыс, биік белестер мен жарқын болашақ тілейміз!