БІЛІМДІ МАМАН – АУЫЛ ТІРЕГІ

0

Мемлекет басшысының жас таланттарды мемлекеттік басқару ісіне тарту және мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытындағы тапсырмалары аясында елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, ауылдық аймақтарды дамытуға білімді әрі белсенді жастарды тарту ісіне басымдық беріліп келеді. Осы оң өзгерістердің нақты нәтижесі ретінде Қордай ауданында жаңа кадрлық тағайындау орын алды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін «Биология» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған жас түлек Тастан Мерей Ыбырайқызы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына тағайындалды. Ол өзінің студенттік жылдардағы жоғары үлгерімін дәлелдеп, 3,69 GPA көрсеткішімен бұл жауапты қызметке конкурссыз, тікелей жолдама алды.

Бұл тағайындау «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер негізінде мүмкін болды. Аталған заңның нормаларына сәйкес, жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен оқып, оны жоғары үлгеріммен (GPA 3,33-тен төмен емес нәтижемен) бітірген жас түлектерге уәкілетті органның келісімі бойынша аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей орналасу мүмкіндігі берілген. Бұл құқықтық тетік бір жағынан жоғары оқу орындарын жаңа бітірген жастарға бюрократиялық кедергісіз мансап бастауға жағдай жасаса, екінші жағынан ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы мәселесін тиімді шешуге септігін тигізеді.

Жас маман Мерей Тастан өзіне жүктелген бұл міндеттің маңыздылығын терең сезінетінін жеткізді:

«Үлкен өмірге қадам баса сала мемлекеттік қызметке, оның ішінде еліміздің дамуына тікелей үлес қосатын ауылдық округ аппаратына жұмысқа орналасуым – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Университет қабырғасында алған теориялық білімім мен талдау жасау дағдыларымды Қарасай ауылдық округінің игіліге жұмсаймын. Халқыма адал, сапалы әрі ашық қызмет ету – басты мақсатым», – дейді ол.

Ауылдық округ әкімдігі де жас, жігерлі маманның ұжымға қосылғанына оң баға беріп, оның заманауи көзқарасы мен білімі өңірдегі мәселелерді шешуге серпін беретініне сенім білдіруде. «Биология» мамандығы бойынша алған білімі де ауыл шаруашылығы мен экологиялық бағыттағы жұмыстарды үйлестіруде септігін тигізері сөзсіз.

Мемлекеттік қызметке қадам басқан Тастан Мерейдің еңбегіне жеміс, мансап жолына сәттілік тілейміз! Заң аясында жасалған мұндай мүмкіндіктер білімді де мақсатшыл жастардың қатарын арттырып, ауылдарымыздың болашағын жарқын етуге жол ашады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.