Өмір болған соң кім-кімнің де денсаулығы сыр беруі әбден мүмкін. Бас ауырып, балтыр сыздағанда, дереу жүгінетін жеріміз біреу ғана – аурухана. Сол ауруханаларда адам жанының шипагерлері саналатын дәрігерлер, медбикелер және басқа да қызметкерлер қауымы бар. Әсіресе, ауылдық жерлерде — аудан орталығынан шалғай мекенде түн ортасы болсын, таң азан болсын, науқас адамға көмекке келуге дайын тұратын медицина қызметкерлерінің еңбегі қалай мақтасаң да тұрарлық. Бүтін бір ауылдық округ халқының денсаулығы күзетінде қызмет етіп келе жатқан іргелі медициналық мекемелердің бірі – Қарасай дәрігерлік амбулаториясы. Ауылдағы ағайынға табанды қызмет көрсетіп келе жатқан аурухананың құрылғанына биыл 90 жыл толды.
2024 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасының 100 жылдық мерейтойы атап өтілгені — бүкіл ауданның денсаулық сақтау қызметкерлеріне үлкен күш-қуат бергені рас. Енді, міне, Қордайдың басты дәрігерлік мекемесінің жолын басып келе жатқан ауруханының биылғы мерейтойын атап өтер кез жақындап қалды.
…Михайловка, қазіргі Қарасай батыр ауылы, өткен ғасырда 1926 жылы құрылған. Арадан он жыл өткенде, яғни 1936 жылы медпункт ашылды. Аудан орталығынан 100 шақырым қашықта орналасқан шалғай ауылдың тыныс-тіршілігі әрдайым бөлек қой. Медпункте бірінші медбике, кейінірек фельдшерлер еңбек еткен деседі. Олар науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, жақын орналасқан (25 шақырым) көрші елдегі Быстровка ауруханасына жіберіп отырған. Балаларға екпе егу, жүкті әйелдерді есепке алып, аурудың алдын-алу қызметтері осы медпунктке жүктелген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында бүкіл қазақ елі қиын кезеңді бастан өткергенін білеміз. Ешқандай сынақтарға бой алдырмай, Қарасай ауруханысы өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып келді. Жылдар өте фельдшерлік пункт ауруханаға айнала бастады. Ауыл халқына қызмет еткен алғашқы дәрігерлердің есімдері, өкінішке орай, сақталмаған. Көз көргендердің айтуынша, 1961-2001 жылдары, табандай қырық жыл бойы Испандияр Мұртазаұлы Көкіреков бас дәрігер қызметін атқарған. Өз ісін жетік меңгерген, білікті маман, қандай жұмыс болмасын, уақтылы орындалуын талап ететін, әскери тәртіппен басқаратын азамат болған екен.
Сол кездегі медициналық мекеменің аурухана болып қалыптасуына үлес қосып еңбек еткен ардагерлер жайлы тарихына көз жүгіртіп, тарқатып айтатын болсақ, Қарасай және Еңбек ауылдарында еліне мінсіз қызмет еткендер баршылық. Олардың қатарында Испандияр Көкіреков (бас дәрігер), Зинаида Мұратова (акушер), Тоқтабүбі Туғанбаева (аға медбике), Шарапат Исқақова (тіс дәрігері), Сағынкүл Байтасова (аға медбике), Анар Айдарова (балалар медбикесі), Нұрқия Сейсенбина (фельдшер), Күлсайра Исағұлова (медбике), Айманкүл Сейдахинова (акушер), Лидия Семенченко (санитарлық фельдшер), Валентина Скаловетрова (медбике) сынды ақ халатты абзал жандардың есімдерін атауға болады.
…2001 жыл. Жаз кезі. Қарасай ауылдық округінің ақсақалдары Асық Валиев, Серік Стыбаев, Алмас Есеналиев осы аймақтағы ел арасында есімі таныс, қандай да бір күрделі жағдайда қол ұшян аямайтын, көрші қырғыз елінде қызмет етіп жүрген білікті дәрігер Мәмбеталы Дәулетбақовқа қайырылады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген дәйексөзді мысалға келтіріп, «Бізде бас дәрігердің орны бос тұр. Өзіңдей тәжірибелі маман керек. Майда-шүйде жарақат, сынық-шыққанда жүз шақырым жердегі Қордайға орталық ауруханаға шапқылап жүрміз. Бізге кел», деп ұсыныс етеді. Бұрыннан таныс абыздар әрі елге сыйлы қариялардың ұсынысы, әрине, тектен тек емес еді. Өйткені, өмірден көрген-түйгені мол ақсақалдар білікті дәрігер жайлы естіп, көріп жүрген. Осылайша Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Құмарық ауылының тумасы Мәмбеталы Дәулетбақов Қарасай ауылына ауысып келеді. Ол кезде Қырғыз Республикасының Талас қаласындағы медучилищені, одан соң Фрунзе (Бішкек) медициналық институтын бітірген дәрігер 1967 жылдан бері Қырғызстанның Чуй облысы, Кемин ауданы Быстровка-Орловка ауруханасында бас дәрігер, ауданныңң бас хирургы болатын.
Қарасай ауылына жаңадан тағайындалған бас дәрігер бірден іске кірісіп кетті. Алдымен ауылдық округ әкімшілігінің бірінші қабатындағы үш бөлмеде жайғасқан медициналық мекемеге ауылда бос тұрған бұрынғы «Дом быта» ғимаратын беру туралы өтініш айтып еді, онысы мақұлданды. Бұдан кейінгі жылдары ауыл халқының денсаулығы күзетіндегі қызметпен қатар, ұжымның қолдауымен ғимаратты жабдықтау, аурухана аумағын көгалдандыру тәрізді жұмыстарды да іске асырды.
Көп ұзамай сол кезгі аудан басшысы Құрманғали Уәлиге ауылдан 10 төсек-орндық аурухана ашу туралы өтініш айтып еді, аудан әкімі қолдады. 2002 жылы сол жылдары облыс әкімі болған Серік Үмбетов пен аудан әкімі Құрманғали Уәли аурухананың ашылуы салтанатына қатысып, 1 «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты. Жұмыс жүре бастады. Ендігі мәселе – тәжірибелі мамандар қажет болды. Ол жайы да бірте-бірте шешімін тауып, ауыл ауруханасына білікті мамандар келе бастады.
Ауыл тарихымен бірге жасап келе жатқан іргелі емдеу мекемесінде осы уақыт ішінде бірнеше буын ауысқан. Бүгінгі таңда көп жылдар бойы денсаулық саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ардагерлер қатарында Алтынқыз Дәулетбақова (акушер-гинеколог, отбасылық дәрігер), Зұлпия Исқақова (фельдшер), Зейнеп Мырзабекова (акушер), Чынара Құдайбергенова (балалар медбикесі), Гұлнұр Алиева (медбике), Мақтагүл Чаяхметова (медбике, акушер) және Гүлзапран Болысбекқызының (зертханашы) есімдері тарихта қалатыны рас.
Қазіргі кездегі емдеу мекемесінің бас дәрігері Бақыткүл Джирембаева – жоғары санатты маман. Дәрігерлік амбулаторияда халыққа қызмет көрсету үшін жағдайлар жасалған. Білікті әрі жақсы ұйымдастырушы басшының командасы да мықты болатыны ақиқат. Ғасырға жуық тарихы бар Қарасай дәрігерлік амбулаториясында бүгінде екі дәрігер, жеті медбике, бір әлеуметтік қызметкер, екі кіші медициналық қызметкер, көлік жүргізуші және қарауыл еңбек етіп жүр. Дәрігер-педиатр Жаңыл Тентиева балалардың денсаулығын бақылайды, аурулардың алдын алатын, емдейтін және отбасылық дәрігермен бірлесіп қызмет атқаратын медицина маманы. Ауылдағы педиатр балаларды жасына сай тұрақты медициналық тексеруден өткізу және екпе (вакцинация) жұмыстарын ұйымдастырып, науқас балаларды қабылдап, диагноз қою, ем тағайындау немесе қажет болған жағдайда аудандық ауруханаға жолдама береді.
Күн сайын таңертеңгілік басталатын қарбалас қызметі кешкі уақытқа дейін жалғасып, ауыл тұрғындарының медициналық көмек алуына мүмкіндік жасап жүрген дәрігер мен медбикелер аурудың алдын алуға күш салады. Әсіресе, туу жасындағы әйелдердің денсаулығын жіті қадағалап, өмірге дені сау ұрпақ әкелуіне атсалысуда. Әрине, дертіне дауа іздеген адам үшін ең алдымен дәрігердің жылы сөзі мен тағайындаған ем-шипасын уақытылы алуына жағдай жасайтын аялы алақан — медбикелердің еңбегі екені рас. Учаскелік медбике Гүлжан Дуйшекеева, медбикелер Үміт Таубалдиева, медбикелер Мейрамкүл Манапбаева, Зүлфия Түнғатарова, Венера Базильбаева, Құндыз Бақуазова, Жадыра Сакеева, емшара медбикесі Жанар Асқарбаева мен әлеуметтік қызметке Сайракүл Садабаеваның еңбегіне ел риза.
Ауылдағы медицинаның көтерер жүгі, әрине, ауыр. Соған қарамастан өз ісіне жан-тәнімен берілген мамандар аға буынның салып кеткен сара жолын жалғастырып келеді.
-Біздің негізгі міндетіміз – аурудың алдын алу, науқасқа диагноз қойып, дер кезінде ем-шара қолдану. Сонымен қатар тұрғындарды дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру, тегін дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету, егу жұмысын жүргізу, үй аралау, шақыртуларға бару, – дейді бас дәрігер Бақыткүл Амантақызы.
Мақсаты айқын ауыл медицинасы жыл сайын даму үстінде. Мамандары үнемі біліктіліктерін арттырып, аурушаңдықты азайту бағытында, аурудың алдын алуда қызмет етуде. Талап пен тәртіпке бағынған барлық мамандардың еңбегі қай кезде де мақтауға лайық. Ендеше 90 жылдық мерейтойыға дайындық үстіндегі еңбек ұжымына сәттілік!
Анжела ИЗАЕВА