Қырымбек Көшербаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымына қатысты.
ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Онда «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы арқылы жарық көрген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымы өтті.
Қырымбек Көшербаев өз сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының қоғам үшін аса маңызды, кешенді бастама екенін айтты. Бағдарлама аясында бірнеше ауқымды жоба іске асты. Олар еліміздегі ғылым мен білімді, қоғамдық сананы жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізуде. Осы мақсатта Қазақстанның интеллектуалдық тарихында бұрын-соңды болмаған көлемді де күрделі ғылыми аударма жобасы жасалды.
Сондай маңызы зор, қоғамға берері мол жобалардың бірі «Ұлттық аударма бюросы» атқарған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Бүгін таныстырылған 100 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басып шығарылды, қазақ тіліне аударылған кітаптар барлық оқу орындарына, соның ішінде жеке меншік университеттерге де таратылды.
– Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік алды, – деді Мемлекеттік хатшы.
Қырымбек Көшербаев ауқымы кең, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі зіл батпан осындай жобаны жоғары деңгейде атқарып шыққан «Ұлттық аударма бюросына» ризашылығын білдірді.
100 жаңа оқулықтың арқасында біз қоғамдық сана үшін аса маңызды бірқатар гуманитарлық білім саласының мазмұнын түбегейлі түрде жаңарттық. Көп жағдайда әлі де таптық, формациялық, идеологиялық сипатта баяндалып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, заң мен құқықтану, журналистика, мәдениет және өнертану, тіл білімі, шығыстану, әдебиет теориясы, педагогика және психология секілді ғылымдар пәнаралық, өркениеттік және гуманистік бағыттағы жаңа мазмұнға ие болды.
– Бүгін таныстырылған 100 оқулық пен басқа да сөз еткен іс-шаралардың бір ғана мақсаты бар, ол – жастарымыздың елге тірек, қоғамға тұтқа болатын мықты тұлға болып өсуіне, білікті маман болуына жағдай жасау, – деді Қырымбек Көшербаев.
Ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, ғылым докторы, Алматы менеджмент университетің деканы Молдияр Ергебеков, Қазақ қыздар педагогикалық университетінің ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы, Ұлыбританиядағы Кембридж университеті баспасының білім реформасына жауапты директоры Джейн Манн сөз сөйледі.
100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ
Prev Post
Next Post