МЕЙІРБИКЕ – МЕЙІРІМ ИЕСІ

0

Медицина қызметкерлерінің күні – елімізде маусымның әр үшінші жексенбісінде атап өтілетін ерекше мереке. Бұл ерекше күн, ең алдымен, ақ халатты абзал жандар медицина қызметкерлерінің, яғни дәрігерлердің, медбикелердің, фельдшерлердің, және тағы басқа мамандардың еңбектерін елеу, олардың қажырлы жұмысын бағалау үшін атап өтіледі.

Денсаулық – адам үшін ең үлкен байлық, сондықтан медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен маңызы ерекше. Олар тек науқастардың денсаулығын қамқорлап қана қоймай, қоғамның әл-ауқаты мен сапалы өмір сүруінің негізін қалайды. Науқастарға көрсетілетін медициналық көмек – бұл тек дәрігерге қатысты емес, мейірбикелердің де атқаратын маңызды қызметі. Олар дәрігерлермен бірге жұмыс істейді, ем-дом шараларын жүргізіп, науқастарды күтеді және олардың психологиялық жағдайларын да ескереді. Мейірбикенің кәсібіне деген жауапкершілігі мен адалдығы науқастың жағдайына тікелей әсер етеді. Науқастардың дәрі-дәрмектерін уақытында беріп, күтім жасау, үйреншікті тіршілік жағдайларын қамтамасыз ету – мейірбикелердің басты міндеттерінің бірі.

Бұл ретте, атаулы күнге орай, Қордай аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімшесінің жоғары санатты медбикелері Замзагүл Балабекова мен Кульзира Токтокунованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Замзагүл Әнуарбекқызы – өзінің еңбек жолын 1988 жылдан бастап Қордай аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімшесінде мейірбике ретінде бастаған. Ол – Жамбыл медициналық колледжінің фельдшерлік-акушерлік пунктін тәмамдаған. Оның әр науқасқа деген көзқарасы мен кәсіби шеберлігі науқастардың мейірімділік пен жылы қарым-қатынасқа ие болуына мүмкіндік береді.

Аталмыш бөлімшенің тағы бір маманы Кульзира Токтокунова да науқастардың денсаулығы үшін табанды еңбек етуде. Мейірбикелер жасағының маңызды мүшесі ретінде, ол өз қызметінде үлкен тәжірибеге ие. Кульзира Амангелдіқызы әр науқасқа ерекше көңіл бөліп, емделу барысында оларға қолдау көрсету үшін бар ынтасын салады. Оның жұмысы тек науқастың физикалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар психологиялық саулығына да назар аударады. Науқастардың жанына түскен ауыртпашылықтарды түсініп, олармен сөйлесіп, қолдау көрсету – оның біртұтас болса да, ең маңызды міндеті.

Ақ халатты абзал жандарымыздың еңбегі батырларымыздың ерлігімен теңестіріледі. Олар науқастардың өмірін сақтап қалуда, ауыртпалықты жеңілдетуде, емдеуде үлкен шеберлік көрсетуде. Медицина қызметкерлерінің күні – олардың мейірімділігін, адалдығын, жауапкершілігін атап өтетін ерекше сәт.

Осындай ерекше тұлғалардың алдарына қойған мақсаттарына жету жолында атқарған қызметтері халқымыз үшін өте маңызды. Мейірбикелер – науқастардың жанына жылылық, назарын аудара отырып, олардың денсаулығын жақсартуға көмектесетін жандар. Сол себепті, медицина қызметкерлерінің күнінде олардың еңбегін ескеріп, құрмет көрсету – біздің басты міндетіміз!

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.