Дүниежүзілік қан доноры күні – әлемдегі маңызды күндердің бірі, жыл сайын 14 маусымда аталып өтеді. Ол 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық ассамблеясының 58-сессиясында қабылданған шешім бойынша белгіленген.
Бұл күннің мақсаты – науқастардың қажетті қан құю процедурасын ала алмауынан болатын алдын алуға болатын өлім жағдайларына қоғам назарын аудару, сондай-ақ донорлықтың маңыздылығын атап көрсету.
Қан – адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Сіздің қаныңыздың донорлығы кез келген уақытта бір немесе бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Донорлық қан, оның компоненттері – эритроциттер, тромбоциттер, плазма – дәрігерлермен қажет пациенттер үшін арнайы бөлініп, дербес пайдалануға беріледі.
Қордай аудандық орталық ауруханасының трансфузиология кабинетінің мамандарымен осы атаулы күнге орай тілдескенде, бірінші санатты хирург-дәрігер Эльдар Хазиев мәлімдегендей, қан компоненттері облыстық қан орталығынан жеткізіледі. Ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылы 915, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 432 трансфузия жасалынған. Бұл мәліметтер донорлық процесінің маңызды екенін және қанның тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетінін көрсетеді.
Донор болу – бұл адамгершілік, белгілі бір жауапкершілік пен қоғам үшін қамқорлық.
Трансфузиология кабинетіндегі шаралар медициналық қызметтегі жүгі ауыр саланың бірі. Бұл бөлімше науқастарға қан дайындау мен құю қызметтерін жүзеге асырады. Алайда, біздің ауданымызда қан дайындалмайды. Аталған кабинеттің жауапты медбикесі Инесса Кучеряваяның айтуынша, ауданда қан дайындау мүмкіндігі жоқ, дегенмен, қажетті қанның барлық түрлері Тараз қаласындағы қан орталығынан тасымалданып келеді, бұл жүйе науқастарды дер кезінде қамтамасыз ету үшін қажет.
Науқастарды емдеуде қанның рөлі өте маңызды. Науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде, оның қан тобының қандай екендігін анықтау – негізгі жұмыс барысының бір бөлігі. Инесса Геннадьевна, қан тобын анықтау процедурасының өте маңызды әрі жауапты екенін атап өтеді. Бұл тек науқастың қауіпсіздігі мен денсаулық жағдайын сақтауға ғана емес, сондай-ақ, медициналық процедураның тиімді өтуіне де әсер етеді. Науқасқа қан құю жұмыстары ауыр операциялардың барысында жиі қажет болады. Бұл жағдайда медициналық процедуралардың сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті дайындық жүргізіледі. Медициналық қызметкерлердің әр әрекеті, әр шешімі пациенттердің денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ