Жарқын болашақ – жастардың қолында!

0

Ауылдарда кадрлар тапшылығы еліміздің дамуына үлкен кедергі келтіріп отырғанын көпшілік біледі. Бұл мәселе, әсіресе, медициналық және білім беру салаларында айқын көрінеді. Ауыл тұрғындараының қажеттіліктеріне жауап беру, қоғамдық денсаулық сақтауды нығайту және жастарды жұмыспен қамту мақсатында мемлекет 2009 жылдан бері «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын іске асыруда.

Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендерді ұстаз, дәрігер, инженер секілді қажетті мамандықтармен қамтамасыз ету. Бұл арқылы жұмыссыз жастардың санын азайтып, ауылдардың дамуын қамтамасыз ету көзделген. Ауылдарға жіберілген мамандар тұрғындардың денсаулығын жақсартып, білім сапасын арттыруға, сондай-ақ, жастардың ауылға оралуына ықпал етеді.

Мәселен, Масаншы ауылдық ауруханасында еңбек етіп жүрген Айжан Есенханқызы – бағдарлама аясындағы мүмкіндік пайдаланған жас дәрігерлердің бірі. Ол Меркі ауданының тумасы, 2014-2021 жылдары Алматы қаласындағы С.Д.Асфендияров атындағы медициналық университетінде «жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығын меңгеріп, алғашқы еңбек жолын Қордай аудандық орталық ауруханасында бастады. Оның жұмысы, ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетуі науқастар тарапынан жоғары бағаланды.

Бұл ретте, 2026 жылдың наурыз айынан бастап Масаншы ауылдық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер қызметіне ауысты.

Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан тұрғын үй алуға қаржылай көмек және аудан әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан көтерме жәрдемақылармен қамтамасыз етілді.

Жас дәрігердің қызметі – ауылдағы медициналық қызмет сапасының өркендеуіне, жастардың ауылға оралуына түрткі болары анық.

«Менің медициналық мамандықты таңдауымда ауылдағылардың денсаулығын жақсарту, оларға көмек көрсету ниеті басты рөл атқарды. Бала кезімнен медицина саласына қызықтым, әрі ауылдық медицинаның дамуында өз үлесімді қосу арманым еді. Университетті аяқтаған соң, мен Қордай аудандық орталық ауруханасына жұмысқа тұрдым. Бұл жерде алғашқы тәжірибемді жинай отырып, көптеген пациенттермен жұмыс істедім. Ауылдық ауруханаларда диагноз қою және емдеу әдістері қаладағыға қарағанда анық мақсат қоюды талап етеді, сол себептен мен өзімді кәсіби тұрғыдан жетілдіруге әрдайым ұмтылдым»,-дейді жас дәрігер.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдардың әлеуетін арттыруға, жастардың еңбек нарығында өз орнын табуға, сондай-ақ, ауылдық елді мекендерде өмір деңгейін жақсартуға бағытталған ауқымды жоба. Ауылдық жерлердегі кадрлар тапшылығын жеңу үшін мемлекеттік қолдау мен ынталандыру, жастарды ауылға тарту барысында ерекше мәнге ие.

«2026 жылдың наурызында Масаншы ауылдық ауруханасына келгенде, маған жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Ауыл халқымен тығыз байланыса отырып, олардың денсаулық жағдайын терең түсінуге мүмкіндік алдым»,-дейді Айжан Есенханқызы.

Аталған жоба еліміздің ауылдарына жаңа серпін мен мүмкіндіктер беріп, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар жастардың ауылда жаны жарқын, белсенді өмір сүруіне ықпал етіп, еліміздің болашағын нығайтуға мүмкіндік туғызуды жалғастыруы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.