Қордай ауданында «Әділет» партиясының аудандық сайлауалды штабының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шара Мәжіліс депутаттарын сайлау науқаны аясында ұйымдастырылды
Республикалық сайлауалды штаб іске қосылған соң, осындай штабтар кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істей бастады. Жамбыл облысында облыстық, қалалық және он аудандық сайлауалды штабтар өз жұмысын бастады.
Аудандық штаб құрамына ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысатын беделді тұрғындар енді. Олардың қатарында білім, мәдениет, бизнес, азаматтық қоғам саласының өкілдері, мәслихат депутаты, қоғамдық қайраткерлер және жастар көшбасшылары бар. Штаб мүшелерінің көпшілігі әртүрлі деңгейдегі сайлау науқандарына қатысқан тәжірибесі бар.
Сайлауалды науқанда волонтерлер де тартылатын болады. Олар ақпараттық материалдарды таратуға, сайлаушылармен кездесу ұйымдастыруға және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысады.
Партиялық тізім бойынша барлығы 186 кандидат ұсынылды. Соның 100-і республикалық тізімге, ал 86-сы өңірлік тізімдерге кірген, оның ішінде төрт кандидат Жамбыл облысын ұсынады.
Ашылу кезінде қатысушыларға аудандық штабтың құрылымы, негізгі қызмет бағыттары және сайлау науқаны кезеңіндегі жұмыс жоспары таныстырылды.
Партия өкілдерінің айтуынша, сайлауалды бағдарламаның басты басымдықтары — әділдік принциптерін насихаттау, қоғамдық өзекті мәселелерді тиімді шешу, азаматтармен ашық диалогты дамыту және мойнына алған міндеттерін жауапкершілікпен орындау.
Аудандық штабтың ашылуы сайлау науқанының келесі кезеңі болып табылады. Осы бастамалар аясында партия Қордай ауданында сайлаушылармен жұмысын жандандырып, үрдісті ақпараттық іс-шаралар сериясын өткізуге ниетті.