Қордай ауданы, Қақпатас ауылдық округінде орналасқан «Кеншімбай» шаруа қожалығы – бұл бір жағынан дәстүрлі қазақ шаруашылығын жаңғыртып, екінші жағынан қазіргі заман талабына сай ілгерілетіп отырған кәсіпорын.
Аталған қожалықтың негізін қалаушы Жандос Сейдуалиев мал шаруашылығын дамытудың оңтайлы жолдарын іздеп, қажырлы еңбектің арқасында отбасына жайлы тірлік пен тұрақты табыс әкеліп отырған азамат. Жандос мырзаның айтуынша, қожалықтың негізін қалаған тұста мал шаруашылығына деген ерекше ықыласы мен кәсіби мақсаттары бар еді.
«2012 жылы бастап, ең бірінші малдың асыл тұқымды болуына мән бердік. Өйткені, сапалы мал – болашақтың кепілі», – дейді ол.
Оның сөзінен кәсібіне деген құрмет пен терең жауапкершілік сезіледі. Жандос Сейдуалиевтің сөзінше, көптеген жылдар бойы түрлі елдерден, негізінен Қырғызстаннан сапалы қой тұқымдарын әкелу арқылы малының санын және сапасын арттыруға тырысыпты.
«Қошқарларды әкеліп, оларды будандастырдық. Қырғызстандағы қазіргі «Арашан» деген қой тұқымын қостық. Бұл тұқымдар еліміздің ауа-райы мен жер жағдайына жақсы бейімделген, өнімділігі жоғары. Сол арқылы қойымыздың қасиеттерін жақсарттық. Сонымен қатар, «Байсары» атты қазақтың асыл тұқымды қойларын көбейтуге көңіл бөлудеміз», – деп әңгімесін жалғастырды Жандос аға.
Оның айтуынша, малдың сапасы – бұл кәсібінің тірегі, сондықтан оларды таза қанды, асыл тұқымды етуді басты мақсат еткен. Қожалықтағы әр қойдың тұқымы мұқият таңдалып, сапалы әрі өнімді болуы үшін барлық жағдай жасалады. Кәсіпкердің жеке шаруашылығында қазіргі уақытта 500-ге жуық асыл тұқымды қой бар. Бұл – ауыл аймағында, тіпті облыс деңгейінде де үлкен көрсеткіш саналады.
Сонымен қатар, қожалықта бәйге тұлпарлары да ерекше мәртебеге ие. Кейіпкеріміз бұл жөнінде:
«Асыл тұқымды 8 бас аналық бәйге тұлпарымыз бар. Жылқы шаруашылығында да сапаны сақтаудамыз. Биыл Павлодар облысында өткен бәйге жарысына біздің тұлпар қатысып, үлкен жетістікке жетті. Аламан жарыстан үшінші орын алып, қаржылай сыйлыққа ие болдық. Бұл біздің ауданымыз, сондай-ақ, отбасымыз үшін де үлкен мақтаныш», — дейді рухтанған сезіммен.
Жандос Төреханұлының пікірінше, қазіргі уақытта мал шаруашылығының дамуы – ауылдың экономикасын көтеріп, жастардың ата кәсіпке қайта оралуына жол ашатын маңызды сала.
«Кеншімбай» шаруа қожалығы тек жеке бас табысын ғана емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын да қамтамасыз етуді көздейді. Мал шаруашылығында сапа мен берекелі еңбек – табыстың құпиясы. Ең бастысы – жауапкершілік, адал жұмыс пен малға жанашырлық», — дейді ол.
Қожалық иесінің арманы – кәсібін әрі қарай кеңейтіп, өнімділікті арттыру арқылы облыс көлемінде танымал шаруашылыққа айналу. Қазіргі күнде олар жаңа технологияларды енгізуді, асыл тұқымды малды көбейтуді, және сондай-ақ мал өнімдерін өңдеуді қолға алуды жоспарлап отыр. Жандос ағаның бұл арманы оның кәсібіне деген зор сенімділігі мен ауыл шаруашылығын дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Бүгінгі күні Сейдуалиевтер отбасының «Кеншімбай» шаруа қожалығы – таза қанды жылқы мен асыл тұқымды қой шаруашылығында сапалы өнім өндіретін, ауыл шаруашылығында өзіндік орнын тапқан табысты кәсіпорынға айналған. Өз кәсібін шынайы сүйіп, жан-жақты дамытып, отбасы мен ауылына берекелі тіршілік сыйлап жатқаны айқын байқалады. Бұл өнегелі еңбек пен қажырлы күш ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің дамуына үлес қосып, ел экономикасын нығайтуға бағытталған таза қазақи еңбек үлгісі ретінде көрініс табуда.
Әділет Құттыбай