«Азия Сад»: өнімділік пен заманауи технологияның үйлесімі

0

Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылының маңындағы жайқалған алма бағы – «Азия Сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Аумағы 110 гектарды алып жатқан бақта «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала» және «Фуджи» сынды алманың бірнеше сорты өсіріледі. Жақында мұнда алма жинау науқаны басталды.

Өз жұмысын 2019 жылы бастаған серіктестік бүгінде маусымдық жұмыстар кезінде жүздеген жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтитын ірі шаруашылыққа айналған. Осыдан жеті жыл бұрын Италиядан арнайы әкелінген көшеттер бүгінде жергілікті климатқа бейімделіп, мол өнім беріп келеді. Бұл – дұрыс аграрлық тәсіл мен алма бағын күтіп-баптаудағы тәжірибенің нәтижесі.

«Азия Сад» бағы – интенсивті алма бағы. Оның кәдімгі алма бақтарынан басты айырмашылығы – бір гектар жерге отырғызылатын ағаштардың саны. Классикалық алма бағында бір гектарға шамамен 600 түп ағаш отырғызылса, интенсивті бақта бұл көрсеткіш 3,5 мың түпке дейін жетеді.

Серіктестік өкілдерінің айтуынша, шаруашылық жылына 2500–3000 тоннаға дейін өнім алуды көздейді. Қазіргі таңда өнім негізінен Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтіледі.

Алма жинау науқаны кезінде шаруашылықта 200-ге дейін адам уақытша жұмыспен қамтылады. Ал жыл бойы тұрақты түрде 30-ға жуық адам еңбек етеді. Олар ағаштарды күтіп-баптау, түптерін өңдеу, шөп шабу, бұтақтарды ретке келтіру сияқты жұмыстармен айналысады.

Бақта заманауи агротехнологиялар да кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, тамшылатып суару әдісі енгізілген. Сонымен қатар жеміс ағаштарын түрлі зиянкестерден қорғау мақсатында арнайы препараттармен өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда шаруашылықта гектарынан орта есеппен 2 тоннаға дейін алма жиналуда. Жиналған өнім әзірге Алматы қаласына жөнелтіледі.

«Болашақта өнім көлемі мен алманың сапасы артса, экспорт мәселесін де қарастырамыз», – дейді серіктестік өкілдері.

Алма бағының жанында серіктестік үлкен қойма құрылысын бастап, бүгінде онда қызу жұмыстар жүргізілуде. Жаңа қойма өнімді ұзақ уақыт әрі сапалы сақтауға мүмкіндік беретін заманауи жүйелермен жабдықталмақ.

Қоймада алманы қажетті температурада сақтауға мүмкіндік беретін арнайы технологиялар қарастырылған. Сондай-ақ өнімнің сақталу мерзімін ұзарту үшін вакуумдық әдісті қолдану жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, кешен аумағында ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін орындар, жұмысшыларға арналған кеңсе және басқа да қажетті нысандар орналастырылмақ.

«Азия Сад» шаруашылығы бау-бақша жұмыстарына қажетті техникамен де қамтамасыз етілген. Мұнда тракторлар, экскаваторлар және басқа да арнайы техникалар бар.

Бүгінде «Азия Сад» – заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға үлес қосып отырған ірі шаруашылықтардың бірі. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, сапаны жақсарту арқылы ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтып, экспортқа шығу – серіктестіктің негізгі мақсаттарының бірі.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.