Қоғамның берік негізі

0

Жамбыл облысында «Отбасылық құндылықтар және Конституция» республикалық конкурсының облыстық кезеңі қорытындылануға жақын. Байқаудың бұл кезеңіне аудандық іріктеуден сүрінбей өткен 10 отбасы қатысып, өздерінің отбасылық құндылықтары мен құқықтық мәдениетін бейнероликтер арқылы таныстырды.

Конкурс облыстағы «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп, отбасындағы татулық пен өзара сыйластықты, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін және Конституцияда бекітілген отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталды.

Аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша облыстық кезеңге Жамбыл ауданынан – Тажибаевтар, Сарысу ауданынан – Копешовтар, Талас ауданынан – Тәттібаевтар, Т. Рысқұлов ауданынан – Бердімұратовтар, Меркі ауданынан – Далиевтер, Қордай ауданынан – Абсалимовтар, Мойынқұм ауданынан – Мырзабектер, Байзақ ауданынан – Есбергеновтер, Шу ауданынан – Мақсұтовтар және Жуалы ауданынан – Тіленбаевтар отбасы жолдама алды.

Облыстық кезең онлайн форматта ұйымдастырылды. Қатысушы отбасылар ұзақтығы 1-3 минут болатын бейнероликтерін TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде белгіленген хэштегтермен жариялаған.

Бүгін облыстық қазылар алқасының мүшелері үміткерлердің әлеуметтік желілердегі бейнероликтерін қарап, конкурс талаптары мен бағалау критерийлеріне сәйкес сараптау жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар өз жұмыстарында отбасы құндылықтарын дәріптеу, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, бала құқықтарын қорғау, ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, отбасындағы өзара сыйластық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін кеңінен қамтыған.

Сонымен қатар бейнероликтерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және «Заңды білу – қауіпсіз өмірдің кепілі» тақырыбы да көрініс тапты.

Байқау қатысушылары үшін бұл конкурс өз отбасыларының өмірлік ұстанымдарын көрсету ғана емес, өскелең ұрпаққа құқықтық сауаттылық пен отбасылық жауапкершіліктің маңызын жеткізудің тиімді алаңына айналды. Әр бейнероликте отбасының қоғамдағы орны, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі және заңды құрметтеудің маңызы әртүрлі форматта көрініс тапты.

Қазылар алқасы барлық бейнероликтерді белгіленген талаптар мен бағалау өлшемдеріне сәйкес бағалап, облыстық кезеңнің I, II және III орын иегерлерін анықтады.

Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі ертең өтеді. Ал облыстық кезеңде I орын алған отбасы Жамбыл облысының намысын республикалық конкурстың келесі кезеңінде қорғайтын болады.

Отбасы – қоғамның ең маңызды әлеуметтік институты. Сондықтан отбасындағы татулықты, өзара құрметті, жауапкершілік пен құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай байқаулардың тәрбиелік мәні зор. Өйткені берік отбасы – берекелі қоғамның, ал заңды білетін, өз құқығы мен міндетін түсінетін ұрпақ – қауіпсіз мемлекеттің негізі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.