ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

0

Бүгін Жамбыл ауылында көптен күткен мәдениет үйі ашылды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауыл тұрғындары үшін тамаша сый болған мәдени ошақтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бегзат Болатбеков, аудандық мәденит және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жиналды.
Жиналған қауымды алда келе жатқан жаңа жыл мерекесімен және мәдениет үйінің ашылуымен құттықтаған Б.Болатбеков аудан басшысы Мәден Мұсаевтың ыстық сәлемін жолдап, жаңа жылда жаңа табыстарға жетіп, еліміз гүлденіп, ауылдар ажары осындай тамаша нысандармен ашыла берсін деген тілегін білдірді. Осыдан кейін сөз алған Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Оразшаев облыс және аудан басшылығына ауылға жасалып жатқан қамқорлығы үшін алғысын білдірді.
-Ауылымызда газ бар, жолдар ретке келуде, жарығымыз жарқырап тұр. Енді міне әдемі мәдениет үйі ашылып жатыр. Осының барлығы үшін алғысымыз шексіз. Енді ауылымызда жақсы бір спорттық нысан ашылса нұр үстіне нұр болар еді, — деді ақсақал.
Келесі кезекте мәдени ошақтың лентасы қиылып, әжелер шашу шашып, жиналған қауым су жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. Бар жоғы 4 айдың ішінде бой көтерген 90 орындық мәдениет үйі ішінде түрлі шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Концерттік залы, кітапханасы, әдемі фоесі, тіпті тамақтану орны, сахна артында әртістерге жасалған арнайы бөлмелер мұнда барлығына көңіл бөлінгендігін көрсетеді. Ғимарат газға қосылған. Нысанды уақытында әрі сапалы орындап шыққан «Нұрбек» ЖШС алғыс айту да ұмытылған жоқ. Енді мұнда түрлі үйірмелер жұмыс істейтін болады. Ең бастысы Жамбыл ауылы тұрғындары үшін концертік бағдарламалар тамашалауға, жиындар өткізуге, балаларды өнерге баулуға барлық мүмкіндік бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.