Биыл да солай болды. Соңғы айларда Ұлттық ядролық орталыққа 100-ден астам адам келді. Орталықтың қызметімен танысуда көпшіліктің қызығушылығын тудыратын форматтардың бірі — техникалық турлар. Олардың барысында ССП тарихына қатысты объектілерді ғана емес, Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану технологияларын дамыту саласындағы нақты жұмысын да көруге болады.
Көптеген делегация үшін Ұлттық ядролық орталықтың қызметімен танысу Семей сынақ полигоны тарихының экспозициялық залынан басталады.
Экспозиция сынақ бағдарламасының ауқымын бағалауға, сондай-ақ ССП жабылғаннан кейін атқарылған ауқымды жұмыстарды түсінуге мүмкіндік береді. Архив құжаттары, фотосуреттер, жабдықтардың үлгілері және басқа да материалдар кезіндегі сынақтар туралы ғана емес, олардың салдарын жою бағытында Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы да мәлімет береді.
Ядролық қаруды таратпау мәселесі жөніндегі әңгімені дәл осы жерден бастаған жөн. 1991 жылы сынақтар тоқтатылғанымен, аумағы шамамен 18,3 мың шаршы километр болатын полигон аумағында ондаған жылдар бойы қалыптасқан аса күрделі инфрақұрылым сақталып қалды. Штольнялар мен ұңғымалар, техникалық алаңдар және басқа да объектілер енді сынақ кешенінің элементі ретінде емес, ықтимал қауіп көздері ретінде мүлдем жаңа тәсілді талап етті.