Бүгін аудандық музейде Қордай өңірінен шыққан көрнекті тұлғалардың өмірі мен елге сіңірген еңбегін насихаттау мақсатында «Қордайдың дара тұлғалары» атты танымдық сабақ өтті. Сабаққа №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 3 «А» сынып оқушылары қатысты. Шара барысында оқушыларға қазақ халқының батыры Өтеген Өтеғұлұлының ерлік жолы, халық ақыны, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, оның қазақтың ән өнері мен әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, белгілі композитор, білімді ұстаз, зерделі музыка зерттеушісі Өмірбек Байділдаевтың өмірі мен шығармашылық жолы, қазақ музыка өнеріне қосқан үлесі туралы да айтылды. Ноғайбай бидің парасаты мен даналығы, дарынды шешен, би әрі дипломат ретінде ел тарихындағы орны туралы баяндалып, тарихи тұлғаның өнегелі өмірі таныстырылды. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әйел-дипломат, тұңғыш әйел Сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікова туралы ақпарат беріліп, оның өмір жолы мен атқарған маңызды қызметтері түсіндірілді. Сондай-ақ қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев туралы, Қордайдан шыққан тұңғыш киномеханик, КСРО кинематография саласының озық қызметкері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қордай ауданының Құрметті азаматы Рәпия Халықова туралы, ҚР Су шаруашылығы бойынша еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері Нұрдәулет Әлібекұлының қажырлы еңбегі мен ел игілігі жолындағы қызметі жайлы мәліметтер ұсынылды. Танымдық сабақ барысында Қордайдан шыққан басқа да көптеген белгілі тұлғалардың өмірі мен ел дамуына қосқан үлесі туралы әңгімеленіп, олардың өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді. Оқушылар мәліметтерді қызығушылықпен тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Сабақ соңында оқушылар музей залдарын аралап, тарихи жәдігерлермен танысып, туған өлке тарихына қатысты мол мағлұмат алды.