⚜️«ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ КЕПІЛІ» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ⚜️

0

5 қыркүйек — Қазақстан халқының тілдері күні. Бұл — еліміздегі барша этнос өкілдерінің ана тілін ардақтап, мемлекеттік тілге құрметпен қарауын дәріптейтін, татулық пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды мереке. Осыған орай бүгін аудандық музейдің Масанчи ауылдық тарихи-өлкетану үйірмесінде «Тіл — достықтың кепілі» атты кездесу өтті. Кездесуге қазақ, қырғыз және дүнген этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектептің 11 «В» сынып оқушылары қатысты. Шара барысында мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, ана тілін құрметтеудің маңызы және тілдің халықтарды жақындастырып, достық пен бірлікті нығайтудағы рөлі туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Қазақ халқының өкілі мемлекеттік тілдің ел бірлігін бекемдейтін маңызды құндылық екенін атап өтіп, қазақ тілін құрметтеу — елге, жерге деген құрметтің көрінісі екенін жеткізді. Қырғыз халқының өкілі қазақ пен қырғыз халықтарының тілдік әрі мәдени жақындығына тоқталып, ортақ құндылықтардың бауырлас елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызына назар аударды. Ал дүнген этномәдени бірлестігінің өкілі тілдің халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті қалыптастыратын маңызды құрал екеніне тоқталып, еліміздегі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын атап өтті. Кездесу барысында оқушылар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Олар тілдің адам өміріндегі маңызына қатысты қызығушылық танытып, қатысушыларға түрлі сұрақтар қойып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып, түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен тілін құрметтеуге жол ашты. Іс-шара соңында қатысушыларға үйірме залдары бойынша мазмұнды экскурсия жүргізіліп, үйірме қорындағы тарихи-мәдени мұралар таныстырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.