ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ – БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!

0

Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың орын алуы. Бозбала мен бойжеткендердің арасында лудомания, есірткіге тәуелділік және буллинг сияқты қауіпті үрдістердің белең алуы қоғам үшін үлкен сын. Мұндай теріс әрекеттердің себебін терең түсіну және оны болдырмау жолдарын табу – әрбір ата-ана, мұғалім, қоғам қайраткері және мемлекеттік билік өкілдерінің ортақ міндеті.

 

Жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін себептер көпқырлы және күрделі. Біріншіден, балалардың отбасылық ортасының тұрақсыздығы маңызды рөл атқарады. Ата-аналардың қатыспауы, отбасының ішіндегі жанжалдар, балаға деген немқұрайлылық, тіпті зорлық-зомбылық жас ерекшеліктеріне сай дамып жатқан баланың психологиясына ауыр соққы болып тиеді. Мұндай жағдайда жасөспірім өзін қоғамнан оқшауланып, дұрыс емес жолдарға бас сұғуы мүмкін. Екіншіден, әлеуметтік орта, достар және мектеп ортасының ықпалы зор. Қиын жағдайдағы жас баланың ішіне түсетін қорқыныш пен сенімсіздік оған жалған жолды таңдауға мәжбүр етуі ықтимал. Ерекше назар аударатын мәселе – буллинг, яғни мектептегі немесе басқа ортадағы психологиялық қысым мен зиянды әдеттердің таралуы.

Қордай аудандық Мәдениет үйінде осындай күрделі мәселелерге арналған жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауқымды форум өтті. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл бастаған жергілікті билік өкілдері, партия мүшелері, прокуратура, құқық қорғау, мектеп басшылары және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Жиын барысында заң мен тәртіптің қағидатын жастар арасында нығайту, оларды дұрыс бағытқа салу жолдары егжей-тегжейлі талқыланды. Кең ауқымды басқосуды аудан әкімінің орынбасары ашып, маңызды мәселелерді ортаға салды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет өз сөзінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу бүгінгі қоғамның ең басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Жастар біздің болашағымыз. Олардың бойында құрмет пен мейірімділік қалыптасса, қоғамымызда  адамгершілік орнығады»,-деді Біржан Әбдікерімұлы тәрбие мәселесіне ерекше мән беріп.

«Әділет» партиясы филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов өз сөзінде, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігін ерекше баса айтты. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қоғам мен мемлекеттік құрылымның бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін жеткізді.

«Жастардың бойындағы жауапкершілік пен заңға деген құрметті тәрбиелеу – бұл баршамыздың ортақ мақсатымыз. Мектептен бастап осы бағытта жүйелі жұмыс жасау керек»,-деді Бейқұт Жамангозов форумда.

Аудандық полиция бастығының орынбасары Сәкен Әмірбеков өз сөзінде есірткімен күрес, буллинг пен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полицияның атқарып жатқан жұмыстарын айтып, қоғамдық тәртіпті сақтауда мектептермен өзара байланыс пен ата-аналармен бірге жұмыс жүргізудің маңыздылығын айтты.

Ал, білім бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов жастардың қылмысқа баруы көбіне психологиялық күйзелістер мен әлеуметтік қысымның салдары екенін атап өтті.

«Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт және шығармашылыққа баулу шараларын күшейту керек»,-деді ол.

Аудандық мәслихат депутаты Қарлығаш Қыпшақбаева жасөспірімдер арасындағы буллинг және есірткіге тәуелділік секілді мәселелер жөнінде қатты алаңдау білдіріп, қоғам, отбасы, мектеп және жергілікті билік бірлесіп әрекет ету қажеттігін баса айтты.

«Жастарды өзара түсіністікке, адалдыққа және жауапкершілікке баулу үшін толыққанды тәрбиелік жұмыс жүргізу керек. Жасөспірімдерге арналған арнайы тренингтер, психологиялық қолдау бағдарламаларын нығайту қажет»,-деді депутат.

Жиында сөз алғандар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелеріне басымдық берді. Мұғалімдер мен ата-аналарға жасөспірімдердің психологиялық жағдайын түсініп, оларды дұрыс жолға бағыттау мәселелері жөнінде нұсқау берілді. Қоғамдағы бейбітшілік пен заңдылықтың орнығуы – әр адамның, әсіресе жас ұрпақтың адал еңбегі мен жинаған тәрбиесінің нәтижесі.

Шара соңында оқушылар белсенді түрде сұрақ қойып, өз ойлары мен пікірлерін білдірді. Олар көбінесе өздерін қорғау, құқықтарын білу, кей жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жөнінде сұрады. Спикерлер әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере білді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұстанымы да осындай жауапкершілік пен қамқорлыққа негізделген. Ұлттың болашағы саналатын жастарды заңға бағыну, тәртіпті құрметтеу және жауапкершілікті сезіну сияқты құндылықтарға баулу маңызды. Бұл құндылықтар бала бойына негізінен отбасыдан басталып сіңірілуі тиіс екенін жиі назарға ала отырып, қоғамның барлық саласы бұл мақсатқа жұмылуы қажет. Құқық бұзушылықтың алдын алу – бұл кешенді, жүйелі жұмыс. Жастардың бойында заңға сенім мен құрмет сезімі қалыптасқанда ғана олар дұрыс шешім қабылдап, өз өмірлерін және өзгелердің өмірін қауіпсіз әрі мәнді ете алады. Сондықтан мұндай форумдар жастардың құқықтық сауатын арттыруда, қоғамның тұрақтылығы мен дамуына өзіндік зор үлесін қосуда маңызды рөл атқарады.

 

Әділет ДҮЙСЕНҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.