Күздің алғашқы айы басталып кетті. Алда қыс маусымы тұр. Осыған орай ауданда 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік нысандардың дайындығы, бүгінгі таңда қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Елдос Инкарбеков ақпар ұсынды.
-Әрбір мекеме алдын ала дайын болса қыс мезгілі еш қиындықсыз өтеді. Сондықтан әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, дер кезінде толық аяқталса, алдағы қытымыр кезеңге дайын боламыз.
Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен білім беру мекемелеріндегі жылыту жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс деңгейінде қатаң бақылауға алынған. Биылғы дайындық жоспарына сәйкес 13 қазандық күрделі жөндеуден өткізіліп, 1 қазандық ауыстырылды. Атап айтқанда, Масаншы ауылындағы №12, Қызылсай ауылындағы №10, Сортөбедегі №48, Ауқатты ауылындағы №9, Үлкен Сұлутөрдегі №39, Отар ауылындағы №41 орта мектептердің жылыту қазандықтары және қордай ауылындағы орталық аурухананың, «Батыс» ықшамауданындағы көпқабатты үйдің газ қазандықтары күрделі жөндеуден өтті.
Білім нысандары мен жылу қазандықтарының арасындағы жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 5905 метрді құрайды, соның 250 метрі ағымды жөндеуден өтіп, аудандық аурухананың 500 метрлік жылыту құбыры оқшауланды (теплоизоляция).
Жылыту қазандықтары орналасқан ғимараттарды жөндеу, әктеу, құбырларды сырлау, мұржаларды тазалаумен қатар, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аулалардағы қураған шөптер жойылып, құрғақ бұталар кесілді.
Бүгінде №39 (Үлкен Сұлутөр ауылы) және №38 (Сұлутөр ауылы) орта мектептерінің жылыту қазандықтарын ағымды жөндеу жұмыстары жалғасуда, қазандықтарға түтіншығарғыш (дымосос) орнатылды.
Аудан бойынша көмір отынына деген жалпы қажеттілік – 8000 тонна. Жыл басында осы қажетті көмірді жеткузі үшін «Компания Марк» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Қазіргі таңда 2040 тоннасы кәсіпорынның қоймасында сақталуда, қалған көмір жылы маусымына дейін тасымалданбақ.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, жұмыстар белгіленген жоспарға сай, штаттық режимде және тұрақты бақылауда жүзеге асырылуда.