Қордай ауданының ауыл шаруашылығында сарымсақ өсіру белгілі бір дәстүрге айналған кәсіп. Жыл сайын бұл салада еңбек етіп, өнімін нарыққа шығаратын шаруалар саны артып келеді. Олардың қатарында Масаншы ауылындағы «Лочь» шаруа қожалығы ерекше көзге түседі.
Бұл қожалықтың төрағасы Хамид Лочь бұл істі кәсіби деңгейде жүргізіп, өңірдегі ауылшаруашылық кәсіптің дамуына үлес қосып отыр. Қожалық сарымсақ өсіруді жүйелі бақылаумен және ғылыми тәсілмен жүргізеді. Шаруашылық иесінің айтуынша, ерте сұрыпты сарымсақ өнімін жиап, тамыз айының ортасында 8 гектар алқапқа жаңадан сарымсақ тұқымын сепкен.
Бұл уақыт – сарымсақ егу үшін өте қолайлы әрі өнімнің сапасы мен көлеміне оң әсерін тигізеді. Қожалық басшысының сөзінше, науқан маусымы кезінде 50-60 маусымдық жұмысшы жұмылдырылып, еңбек өнімділігі арттырылады. Жұмысшылардың көпшілігі ауыл тұрғындары болып, оларға тұрақты табыс көзі мен әлеуметтік жағдайы жақсаруға мүмкіндік туады.
Мол тәжірибе жинақтаған шаруашылық, гектарынан 10-12 тонна сарымсақ өнімін алуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш аудан, тіпті облыс үшін жақсы нәтиже саналады. Ауа райының қолайлы өтуі де шаруалардың үмітін күшейтіп, өнімнің табысты болуына мол мүмкіндік бергенін айтады. Өнім сапасы мен көлемі биыл да өткен жылғыдан төмен болмайды деген сенім мол.
Қожалық өсірген сарымсақ тек Қордай ауданының шегінде ғана емес, облыс аумағы мен республиканың басқа нарықтарына да жөнелтіледі екен. Бұл олардың өнім сапасына берік екендігін, сондай-ақ өңірлік аграрлық нарықта өз орны бар екенін білдіреді. Сарымсақ ауыл шаруашылығының маңызды өнімдерінің бірі ретінде бағаланып, халықтың қажеттілігін толық қамтитын деңгейге жетуде. Сонымен қатар, «Лочь» қожалығы сарымсақты өсіру барысында заманауи технологияларды қолданып, топырақтың құнарлылығын сақтау мен өсімдіктің ауруға қарсы тұру қабілетін арттыруға ерекше мән береді. Бұл бағытта тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп, жергілікті климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, тұқым таңдау мен егу әдістері жетілдірілуде. Осындай кәсібилік пен жауапкершілік ауыл шаруашылығы өнімінің жоғары саналы әрі тұрақты болуының кепілі саналады.
Қордай ауданында сарымсақ өсіру өндірісі тұрақты даму жолында ілгері басып келеді. Заман талабына сай жетілдірілген технологиялар мен білікті еңбек ұжымы арқасында, «Лочь» шаруа қожалығының өнімдері нарықта жоғары сұранысқа ие болып, өңірдің ауылшаруашылық саласының мақтанышы ретінде қалыптасуда. Бұл кәсіптің алдағы жылдары да жемісті болып, Қазақстанның басқа да аймақтарына сапалы өнім жеткізіп отыратынына сенім бар.
Шаруагерлердің қызметі ел экономикасына оң әсерін тигізіп қана қоймай, ауылдағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын да жақсартуда. Жұмыс орындарының ашылуы, ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі, өңірлік нарықтардың кеңеюі осының айқын дәлелі.