Жамбыл облысында энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Қуанышбек Мағжан Батыржанұлы мәлімдеді.
Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеп, заңнама талаптарының сақталуын бақылайды. Басты міндеттердің бірі – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда департамент Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік тіркелімнің жергілікті бөліміне енгізілген 59 қызмет түрін көрсететін 39 табиғи монополия субъектісін реттейді. Оның ішінде сумен жабдықтау, сарқынды суларды бұру, табиғи газды тасымалдау, жылумен жабдықтау, кірме темір жолдары және электр энергиясын беру мен бөлу қызметтері бар.