Сот төрелігінің түпкі мақсаты – бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру. Алайда сот шешімінің қабылдануы ғана жеткіліксіз. Сот актісінің нақты әрі уақтылы орындалуы да сот төрелігінің маңызды бөлігі болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін міндетті түрде орындалуға жатады. Азаматтық процестік кодекстің талаптарына сәйкес, шешім дереу орындалуға жататын жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енгеннен кейін белгіленген тәртіппен орындауға жіберіледі.
Сот актілерін орындау тәртібі Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен реттеледі. Заңның негізгі мақсаты – сот төрелігін іске асыру кезінде қабылданған сот актілерін және өзге де уәкілетті органдардың актілерін мәжбүрлеп орындату арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қалпына келтіру.
Атқарушылық іс жүргізудің негізгі міндеті – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды міндетті және уақтылы қабылдау. Мұндай құжаттарға азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілері, қылмыстық істер бойынша мүліктік өндіріп алуға қатысты үкімдер мен қаулылар және заңда көзделген басқа да атқарушылық құжаттар жатады.
Сот актісін орындау ерікті және мәжбүрлеп орындату тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін. Борышкер сот актісінде көрсетілген талаптарды өз еркімен орындамаған жағдайда, өндіріп алушы атқарушылық құжатты сот орындаушысына орындауға ұсына алады. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін борышкерге заңда белгіленген тәртіппен талаптарды орындау мүмкіндігі беріледі.
Сот орындаушысының заңды талаптары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мемлекеттік органдар, азаматтар мен ұйымдар үшін міндетті. Заңды талаптарды орындамау немесе сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметіне кедергі келтіру заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Сот актісінің орындалуы – сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды тетік. Заңды күшіне енген сот актісін орындау азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтып, олардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Сондықтан сот актілерін орындау – жай ғана процессуалдық рәсім емес, заң талабы және әр азаматтың заң алдындағы міндеті. Сот шешімінің уақытылы әрі толық орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етудің және әділдікті орнықтырудың маңызды кепілі болып табылады.
Б.Тұрлыбаев, Қордай аудандық сотының судьясы