Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі. Әрбір адам өзінің заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге құқылы. Сотқа жүгіну құқығы азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып табылады.
Сотқа жүгіну құқығы адамның заң алдында өз мүддесін қорғауына мүмкіндік береді. Мысалы, азаматтың мүлкі заңсыз алынған, еңбек құқықтары бұзылған, келісімшарт бойынша міндеттеме орындалмаған немесе басқа да заңмен қорғалатын құқықтарына нұқсан келген жағдайда, ол сот органдарына талап қою арқылы өзінің құқығын қорғауды сұрай алады.
Қазақстан Республикасында сот арқылы қорғалу құқығы Конституциямен бекітілген. Бұл құқық әрбір азаматқа өзінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Сот азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді заңда белгіленген тәртіппен қарай отырып, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған шешім қабылдайды.
Сотқа жүгіну үшін азамат ең алдымен өзінің қандай құқығы немесе заңды мүддесі бұзылғанын анықтауы қажет. Содан кейін сотқа берілетін талап қою немесе басқа да процессуалдық құжат дайындалады. Құжатта істің мән-жайы, қойылатын талаптар және оларды растайтын дәлелдер көрсетіледі.
Кейбір жағдайларда сотқа дейінгі тәртіпті сақтау талап етілуі мүмкін.
Сотқа жүгіну кезінде азаматтың өз құқықтарын білуі және оларды заң талаптарына сәйкес жүзеге асыруы маңызды. Сонымен қатар сот процесіне қатысушы тұлғалардың дәлелдемелер ұсынуға, өз пікірін білдіруге, өтініш жасауға, сот шешіміне шағымдануға және заңда көзделген басқа да процессуалдық құқықтарды пайдалануға мүмкіндігі бар.
Сотқа жүгіну құқығы тек азаматтардың жеке мүдделерін қорғаумен шектелмейді. Ол қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына да ықпал етеді. Соттың тәуелсіздігі мен әділ сот төрелігі азаматтардың мемлекетке деген құқықтық сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Қорытындылай келе, азаматтардың сотқа жүгіну құқығы – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі құралдарының бірі. Әрбір азамат өз құқықтарының бұзылғанын немесе заңды мүддесіне нұқсан келгенін білген жағдайда заңда белгіленген тәртіппен сотқа жүгіне алады. Бұл құқықты тиімді пайдалану азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырумен және өз құқықтарын заң шеңберінде қорғаумен тығыз байланысты.
Б.Сайпышева, Қордай аудандық сотының
сот әкімшісінің орынбасары