Ресей Федерациясының Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілгені туралы ақпараттан кейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алды.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстандағы ахуал толық бақылауда, барлық қажетті алдын алу шаралары қолға алынған. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде күшейтілген санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта көліктің барлық түрлерінен дене қызуы жоғарылаған, жұқпалы ауру белгілері немесе қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ. Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, сырқаттың Қазақстанға келу қаупі төмен деңгейде.
«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталып жатыр.
Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, олардан ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде», делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Жексенбі күні, 4 қазанда Ресейдің Роспотребнадзор баспасөз қызметі Иркутск қаласы мен облысында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, оба ауруы тіркелмегенін мәлімдеді. Ал Иркутск облысында көз жұмған 28 жастағы әйелдің өлім себебі әзірге этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі шетелден оралғаннан кейін денсаулығыңызда қандай да бір ауру белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге және дәрігерге сапар шеккен жеріңіз бен күндері туралы міндетті түрде хабарлауға кеңес береді. Ведомство тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.