Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңғыртудан өткен Тараз қаласындағы қант зауытының жұмысымен және Байзақ және Жамбыл аудандарындағы қызылша, жүгері егістіктерімен танысты.
Алдымен облыс әкімі қайта жаңғыртылып жатқан Тараз қант зауытына барды. Мұнда шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен көкейдегі сауалдарына жауап берді.
Кәсіпорынның өндірістік қызметін қайта жандандыру мақсатында 2025 жылдан бастап жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 12,4 млрд теңге. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы болады. Ал тәулігіне өндірістік қуаты 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді.
Қазіргі уақытта негізгі өндірістік нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті шаралардың басым бөлігі аяқталған. Қант қызылшасын қабылдау, жуу, өңдеу, шырынды тазарту, сүзу, буландыру, кристалдандыру және центрифугалау желілеріне арналған негізгі технологиялық жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары атқарылуда.