Әділетті қоғам құру – кез келген мемлекеттің стратегиялық мақсаты. Ал сол мақсатқа жетудің басты шарты – заңның үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығы мен бостандығына бірдей құрметпен қарау. Өйткені қоғамдағы тұрақтылық пен халықтың мемлекетке деген сенімі заң талаптарының баршаға ортақ әрі бірдей орындалуына тікелей байланысты.
Құқықтық мемлекеттің басты ерекшелігі – ешкімнің заңнан жоғары тұрмауы. Азаматтың атқаратын қызметі, әлеуметтік мәртебесі, материалдық жағдайы немесе қоғамдағы беделі оның заң алдындағы жауапкершілігін өзгертпеуі тиіс. Заң талаптары барлық адамға бірдей қолданылған жағдайда ғана әділдік қағидаты орнығып, азаматтардың құқықтық қорғалуы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Ата Заңның 16-бабында заң мен сот алдындағы теңдік қағидаты бекітілген. Бұл норма әр азаматтың өз құқығын қорғауда тең мүмкіндікке ие болуын және қандай да бір белгісіне байланысты кемсітуге жол берілмеуін көздейді. Яғни заң алдында барлығының жауапкершілігі де, құқығы да ортақ.
Заң алдындағы теңдік ұғымын тек сот немесе құқық қорғау органдарының қызметімен шектеуге болмайды. Ол мемлекеттік мекемелердің күнделікті жұмысынан бастап, еңбек ұжымындағы қарым-қатынасқа, қоғамдық ортадағы өзара сыйластыққа дейінгі барлық салада көрініс табуы қажет. Әрбір азамат өз мәселесін заңды жолмен шешуге мүмкіндік алып, мемлекеттік қызмет көрсету барысында әділ әрі бірдей көзқарасқа ие болуы маңызды.
Бұл қағидаттың Қордай ауданы үшін де өзіндік мәні бар. Көпэтносты өңірімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Біздің басты байлығымыздың бірі – осы бірлік пен өзара түсіністік. Әр адамның ұлтына, тіліне, діни сеніміне қарамастан, оның ар-намысы мен заңды құқықтарын құрметтеу қоғамдық келісімді сақтаудың негізгі шарты болып саналады.
Халықтың ынтымағы тек жақсы қарым-қатынаспен ғана өлшенбейді. Ол – бір-бірінің құқығын мойындау, өзгенің пікіріне түсіністікпен қарау және ортақ тәртіпке бағыну. Әр азаматтың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі, құқықтарының қорғалатынына сенуі ел ішіндегі тұрақтылықты нығайтады. Сондықтан заң алдындағы теңдік – тек құқықтық талап емес, қоғамдық бірлікті бекемдейтін маңызды құндылық.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізгі бағыттарының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділеттілік қағидатын орнықтыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі айрықша рөлін үнемі атап өтіп келеді. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс тек мемлекеттік органдардың күш-жігеріне емес, әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен жеке жауапкершілігіне де байланысты.
Менің пайымдауымша, заң алдындағы теңдікті қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің де дәл сондай құқықтарға ие екенін түсінуі керек. Қоғамда заңды айналып өтуге емес, оны сақтауға деген ұмтылыс басым болғанда ғана әділдік салтанат құрады.
Әсіресе, жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру ісіне баса назар аударуымыз қажет. Жастардың заң талаптарын білуі, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі, кез келген мәселені заң аясында шешуге дағдылануы – болашақтағы құқықтық қоғамның берік негізі. Бұл бағытта отбасы, мектеп және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс жүргізуі тиіс.
Қорыта айтқанда, заң үстемдігі – мемлекеттің мызғымас тірегі, ал заң алдындағы теңдік – әділетті қоғамның басты өлшемі. Әрбір азаматтың құқығы қорғалып, заң талаптары баршаға бірдей қолданылғанда ғана халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Сондықтан Ата Заңда айқындалған теңдік қағидатын сақтау, заңды құрметтеу және қоғамдық келісімді нығайту – баршамыздың ортақ азаматтық міндетіміз.
Н.Молдабеков, Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы