2026 жылдың тоғыз айында Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1 688 өтініш түсіп, қабылданған шаралар нәтижесінде тұрғындарға 17,1 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2026 жылдың тоғыз айында ішкі сауданы реттеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарды.
Департамент Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органы ретінде өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асырып, сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуын және тұтынушылардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – басты басымдық
Есепті кезеңде Департаментке азаматтардан 1 688 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 547 өтінішке немесе 47,9 пайызға көп. 2025 жылдың тоғыз айында 1 141 өтініш тіркелген болатын.
Өтініштердің басым бөлігі «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданды. Аталған платформа арқылы түскен өтініштер бойынша азаматтарға заңнама аясында түсініктемелер беріліп, тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде 786 өтініш қанағаттандырылып, 313 өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, ал 230 өтініш құзыреттілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 17 млн 125 мың 600 теңге көлеміндегі қаражат қайтарылды.