ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДАН РЕСПУБЛИКАДА БІРІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

0

Жамбыл облысында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңірдің инвестициялық ахуалы жақсарып, негізгі көрсеткіштер бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы тікелей шетелдік инвестиция тарту көлемі бойынша республикада бірінші орынға ие болды. Есепті кезеңде өңірге 456,4 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 289,7 млн АҚШ долларын құраған еді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 721,9 млрд теңгеге жетті. Оның 56,1 млрд теңгесі немесе 8 пайызы бюджет қаражаты есебінен, ал 665,8 млрд теңгесі немесе 92 пайызы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикада өсу қарқыны жағынан екінші орынға тұрақтады.

Өңір экономикасына жеке капитал тарту, жаңа өндірістерді орналастыру және инвестициялық жобаларды іске асыруда жергілікті атқарушы органдар, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Zhambyl Invest» ЖШС бірлесіп жұмыс жүргізуде. Негізгі басымдық – инвесторларға қолайлы жағдай жасау, жобаларды сүйемелдеу және өндірістік әлеуетті арттыру.

Қазіргі таңда облыста жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.