Жамбыл облысында өндіріс көлемін ұлғайту, экономиканы әртараптандыру және жаңа кәсіпорындар ашу бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Өңірге тартылған инвестициялар нақты өндірістік жобаларға бағытталып, бірқатар нысан пайдалануға берілді. Бұл бастамалар облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға негіз болуда.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыста жалпы құны 338 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 21 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл өңірде жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Іске қосылған кәсіпорындардың қатарында химия, құрылыс материалдарын өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау салалары бар. Атап айтқанда, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауыты, «Alit Holding» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұны өндірісі, сондай-ақ «TRZ Agro» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді.
Өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруда Шу ауданындағы «Shengtai Biotech» ЖШС жобасының маңызы зор. Мұнда жүгеріні терең өңдеуге арналған өнеркәсіптік кешеннің бірінші кезеңі іске қосылды. Жоба ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған.