АДАМ БОСТАНДЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

0

Адамның еркін өмір сүруі, ешкімнің заңсыз әрекетіне ұшырамауы – әділетті қоғамның маңызды белгілерінің бірі. Әрбір азаматтың жеке басының бостандығы қорғалуы тиіс. Бұл құқық Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген.

Атап айтқанда, Ата Заңның 16-бабында әркімнің жеке бас бостандығына құқығы бар екені көрсетілген. Адамды заңда белгіленген тәртіпсіз ұстауға немесе қамауға алуға болмайды. Күзетпен ұстауға тек соттың рұқсатымен жол беріледі. Бұл талаптар азаматтардың құқығын қорғау және заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін белгіленген.

Сонымен қатар адам ұсталған жағдайда оған не себепті ұсталғаны түсіндірілуі керек. Әр азаматтың адвокат көмегін пайдалануға құқығы бар. Яғни адамның жағдайына қарамастан, оның заңды құқықтары сақталуы қажет.

Менің ойымша, әрбір адам өзінің құқығы мен міндетін жақсы білуі керек. Құқықтық сауаттылық адамның өзіне сенімді болуына, заңсыз әрекеттерден қорғана білуіне көмектеседі. Бірақ өз құқығымызды талап етумен қатар, өзгенің де бостандығы мен ар-намысын құрметтеуіміз қажет.

Ақсақалдар қауымы ретінде біз жас ұрпақтың бойына заңға құрмет, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық қасиеттерін сіңіруге мән береміз. Жастардың құқықтарын білуі, өз әрекетіне жауап бере алуы және заң талаптарын сақтауы – болашақ үшін маңызды.

Ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық болуы үшін әр азамат заңға бағынуы керек. Заң талаптары орындалып, адамның құқығы қорғалған қоғамда ғана өзара сенім мен сыйластық нығаяды. Сондықтан Конституцияда белгіленген әрбір құқықты құрметтеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Жатқанбай Рамиль,

«Әділет» шаруа қожалығының басшысы.

Қордай ауданының VІ, VІI және VIIІ шақырылымдарының аудандық мәслихатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.