АТА ЗАҢ – ЕЛ БІРЛІГІ МЕН ӘДІЛДІКТІҢ НЕГІЗІ

0

Әрбір мемлекеттің дамуы мен болашағы ең алдымен заңның сақталуына және азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне байланысты. Заңға құрметпен қарайтын, бір-бірінің құқығын сыйлайтын қоғамда тәртіп те, тұрақтылық та болады. Сондықтан Конституцияның әрбір азаматтың өміріндегі маңызын түсіну өте қажет.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің басты құқықтық құжаты. Онда мемлекеттің негізгі бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ қоғам алдындағы міндеттері белгіленген. Ата Заңның талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл халықтың ортақ жауапкершілігі.

Конституцияның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы екені көрсетілген. Бұл – мемлекет үшін әрбір азаматтың өмірі мен амандығы маңызды деген сөз. Сондықтан адамдардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау әрдайым басты назарда болуы тиіс.

Сонымен қатар Ата Заңның 14-бабында заң мен сот алдында барлығының тең екені нақты жазылған. Ешкімді ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайына немесе басқа да белгілеріне қарай кемсітуге болмайды. Бұл қағида әсіресе түрлі этнос өкілдері тату өмір сүріп жатқан Қордай ауданы үшін маңызды. Әр адамға бірдей құрмет көрсетіліп, оның құқығы тең қорғалуы қажет.

Қазіргі уақытта интернет пен әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Адамдар ақпарат алмасып, өз пікірлерін ашық білдіреді. Алайда осы мүмкіндіктерді пайдаланған кезде өзгенің жеке өміріне құрметпен қарау керек. Конституцияның 18-бабында әркімнің жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауына құқығы бар екені бекітілген. Демек, біреудің жеке мәліметін рұқсатсыз таратуға немесе оның жеке өміріне араласуға болмайды.

Тағы бір маңызды мәселе – сөз бостандығы мен өзара сыйластық. Әр азаматтың өз ойын айтуға құқығы бар. Бірақ пікір білдіру барысында басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қажет. Кез келген келіспеушілікті айқаймен немесе ренішпен емес, сабырмен және заң аясында шешкен дұрыс.

Менің ойымша, Конституцияны құрметтеу – оның баптарын оқып, жаттап алумен шектелмейді. Ең бастысы, ондағы талаптарды күнделікті өмірде орындау. Қоғамдық тәртіпті сақтау, адал еңбек ету, ортақ мүлікке жанашырлық таныту және өзгенің құқығын бұзбау – нағыз азаматтық жауапкершіліктің белгісі.

Әсіресе, жас ұрпаққа заңды құрметтеуді үйрету маңызды. Бала отбасынан тәрбие алады, ал мектеп пен қоғамдық орта сол тәрбиені жалғастырады. Жастар өз құқықтары мен міндеттерін біліп өссе, болашақта елдің дамуына үлес қосатын саналы азамат болып қалыптасады.

Қордай ауданының басты байлығы – оның еңбекқор, ынтымағы жарасқан тұрғындары. Ауданымыздың дамуы үшін әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтауға үлес қосуы керек. Қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, ортақ іске атсалысу да азаматтық белсенділіктің көрінісі.

Ата Заң – баршамызға ортақ құндылық. Оның талаптарын сақтау, заңды құрметтеу және өзгенің құқығына қол сұқпау арқылы біз әділетті әрі берекелі қоғам қалыптастыра аламыз. Ең бастысы, заңға деген құрмет әр адамның бойынан табылуы тиіс.

Қатира Уалиева, Қордай аудандық мемлекеттік архивтің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.