ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ!

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде алаштанушы, тарихшы, жазушы Қарабасов Жандарбек Қырықбайұлының «Қанды шатқалдағы Қара майор» атты кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Тағылымы мол әдеби-мәдени кеш халықтық «Махаббат» би ансамблінің «Шашу» биімен ашылып, жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, тарих жанашырлары, арнайы шақырылған қонақтар мен оқырмандар қатысты. Кештің негізгі мақсаты – ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныту, тарихи жадыны жаңғырту, отансүйгіштік пен елдік рухты насихаттау, сондай-ақ қаламгердің жаңа еңбегін оқырман қауымға кеңінен таныстыру. Жиын барысында алғашқы құттықтау сөз Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлға берілді. Ол өз сөзінде мұндай рухани-мәдени шаралардың қоғам өміріндегі маңызын атап өтіп, тарихи тұлғаларды ұлықтау мен олардың өнегелі өмір жолын насихаттаудың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар қаламгерге шығармашылық табыс тілеп, жаңа кітаптың оқырман жүрегінен орын алуына тілектестігін білдірді. Кештің маңызды сәттерінің бірі, Қордай ауданы Шарбақты ауылының тумасы, ел арасында аты аңызға айналған Борис Керімбаев туралы 2015 жылы берілген сұхбаттың бейнеролик арқылы көрсетілуі болды. Бейнежазба арқылы көрермендер Қара майордың өмірі мен әскери жолына қатысты естеліктерге қанығып, оның қайсар мінезі мен ел алдындағы еңбегін тереңірек тануға мүмкіндік алды. Одан кейін сөз кезегі кітап авторы Жандарбек Қарабасовқа берілді. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне арнайы келген құрметті қонақтар да өз ой-пікірлерін білдіріп, авторға ізгі тілектерін арнады. Атап айтқанда, Гиннес рекордын сегіз рет жаңартып, 66 мемлекетте түрлі тапсырмалар орындаған генерал-лейтенант Жан Ата-Иван Ивановичке сөз берілді. Ол өз лебізінде тарихи тұлғалардың ерлік жолын ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Республикалық Қазақ билер кеңесінің төбе биі, Алматы облысы, Жамбыл және Қарасай аудандарының құрметті азаматы, Ауған соғысының ардагері Ыбытаев Сейіткәлі ақсақалға құрмет көрсетіліп, сөз кезегі ұсынылды. Ардагер өз сөзінде ел тарихындағы ерлік пен батырлықтың орнына тоқталып, мұндай еңбектердің тарихи сананы қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Шара барысында Ауған соғысының ардагері, «Қара майор» лақап атымен танымал офицер Борис Керімбаевтың жанында қызмет атқарған қаруластарына да ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, оның оққағары болған Әбішев Бақберген мырзаға сөз берілді. Сонымен қатар Ауған соғысы кезінде Борис Керімбаевқа «Қара майор» деген лақап ат берген, Қырғыз елінен арнайы келген Музурабек ақсақалдың да естеліктері мен лебіздеріне орын берілді. Мұндай кездесулер тарихты көзбен көріп, сол кезеңнің куәсі болған жандардың әңгімесі арқылы тануға мүмкіндік берді. Кештің тағы бір әсерлі сәті – Шарбақты ауылының тұрғыны, Қара майорды алты жасына дейін арқалап өсірген көршісі, мәдениет саласының үздігі Шомекбаева Нәкен апаға сөз берілуі болды. Сонымен қатар Қара майор Борис Керімбаевтың туған әпкесі Тіреуова Клара, қарындасы Тіреуова Сәуле және немересі Тіреуов Бауыржан да арнайы таныстырылып, оларға құрмет көрсетілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.