ЕКІ ЖЕТПІС – ЕКІ ЖИНАҚ

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде ерекше рухани шара өтті. Екі маңызды кітаптың тұсаукесері мен әдеби-сазды кеш біріктірілді.

Бірінші кітап Кенен ауылының 70 жылдығына арналды және бұл еңбекте ауылдың тарихи дамуы, бүгінгі көрінісі мен болашақтағы даму бағыттары ғылыми тұрғыдан жан-жақты баяндалған. Кітапта ауылдың өркендеуіне үлкен үлес қосқан азаматтар туралы мақалалар мен архивтік суреттер де алғаш рет жарияланып, тарихи құндылық ретінде жоғары бағаланды. Бұл еңбектің құрастырушысы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жандос Омаров, ол өзінің терең зерттеулерінің нәтижесінде ауылдың өткенін, бүгінін және болашағын айқын көрсетуге ұмтылған.

Әдеби шараға, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист, «Құрмет» орденінің иегері Бекет Момынқұл, ҚР еңбек сіңірген әртісі, ҚР Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, облыстық «Ақжол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданының құрметті азаматы Құрманбек Әлімжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» аудандық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағы және Қазақстан Халық кеңесінің облыстық журналистер клубының мүшесі Жандос Омаров, Қордай ауданының құрметті азаматы Оңғар Алдасүгіров қатысты. Кітап сүйер қауым да көптеп жиналып, шараның рухын көтере түсті.

Өз кезегінде аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтау хаты мерейтой иесіне табысталып, оған құрмет ретінде ұлттық киім – шапан жабылды. Бұл – қазақтың салт-жорасына сай берілетін асыл тұғыры бар сый, құрмет белгісі. Сонымен бірге, Кенен ауылының 70 жылдығына арналған кітаптың жарық көруіне атсалысқан азаматтар да марапатталып, олардың еңбектері лайықты бағаланды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл өз сөзінде ауылдың дамуындағы тарихи елеулі кезеңдерді еске алып, мұндай басылымдардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Ол ауыл тұрғындарының бірлігі мен еңбегі арқасында Кенен ауылының қазіргі қалыпқа келгенін, әрі алдағы уақытта да өз табыстарын жалғастыра беретініне сенім білдірді. Сонымен бірге, ол мәдени шаралардың аудандағы рухани дамуға қосатын үлесін ерекше атап өтті. Кеш сондай-ақ қаламгер, журналист Бекет Момынқұлдың 70 жасқа толуына жаңа кітабы – «Момышұлы әлемі» атты шығармасының тұсаукесерімен ұласты. Кітапта әйгілі қолбасшының ерлігі мен рухани мұрасы жан-жақты қамтылған. Бекет Әбділдаұлының бұл еңбегі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, оқырманға терең ой салатын маңызы зор шығарма ретінде бағаланады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист, «Құрмет» орденінің иегері ретінде Бекет Момынқұлдың шығармашылық жолы мен еңбегі көпшілікке үлкен шабыт әкеледі. Әдеби шарада, ҚР еңбек сіңірген әртісі, ҚР Құрметті журналисі Асқарбек Сейілханда өзінің ой-пікірлерін ортаға салды. Ол әдебиет пен журналистиканың қазақ қоғамындағы рөлін атап, Бекет Момынқұлдың шығармалары ұлттық тәрбие мен патриоттық рухты қалыптастыруда таптырмас құндылық екенін айтты. Асқарбек Сейілханның айтуынша, мұндай кештер мен басылымдар қоғамдық сана мен мәдениетті баюы үшін маңызды әрі қажетті.

Сонымен қатар, облыстық «Ақжол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт өз ойын жеткізіп, мұндай шаралар ұлт рухын көтеріп, өткеніміз бен бүгінгімізді байланыстырушы алтын көпір екенін білдірді. Ол Бекет Момынқұлдың шығармашылығы тек әдеби ортада ғана емес, жалпы қоғамда да үлкен әсер етіп, жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызды құрал екенін атап өтті.

Бұл шара Кенен ауылы мен Бекет Момынқұлдың шығармашылығын халыққа танытуда маңызды қадам болды. Кітаптардың жарыққа шығуы және осындай дәстүрлі рухани кештердің өтуі аудан мәдениетінің өркендеуіне тың серпін береді деген сенім бар.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.