Қазақ халқы қашанда ер жігіттің бойындағы азаматтық қасиеттерді, ақыл-парасатты, батылдықты, өнер мен білімді жоғары бағалаған. «Жігітке жеті өнер де аз», «Күш атасын танымас», «Білімді мыңды жығады» деген нақыл сөздеріміз де жігіттің жан-жақты, өнерлі, білімді әрі қайратты болуын дәріптейді.
Осы ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, қазақ жігітінің болмысын кеңінен насихаттау мақсатында Қордай аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны» аудандық байқауы өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін дәріптеу, жастардың бойындағы өнер, білім, батылдық, тапқырлық және шеберлік қасиеттерін дамыту болды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды жас буын арасында кеңінен насихаттап, елін, жерін, тілін құрметтейтін, рухани бай, білімді әрі отаншыл азамат қалыптастыруға үлес қосу көзделді. Аудандық байқауға Қордай ауданының елді мекендерінен 14 пен 29 жас аралығындағы жігіттер қатысып, әр ауылдық округтен ұсынылған үміткерлер өзара бақ сынады. Қатысушылар ұлттық нақыштағы киім үлгісін киіп, өз өнерлері мен қабілеттерін ортаға салды. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Өзім туралы бір үзік сыр» атты таныстыру кезеңінде қатысушылар өздерін көрерменге таныстырып, жеке болмысын, шығармашылық қабілетін және сахна мәдениетін көрсетті. Әр үміткер сахнаға шығып, өзі туралы мазмұнды әрі әсерлі таныстыру сөзін ұсынды. Бұл кезеңде қатысушылардың өзіндік ерекшелігі, сөйлеу мәнері, сахнада өзін ұстауы мен сахналық образдарының үйлесімділігі бағаланды. Келесі «Жігітке жеті өнер де аз» атты өнер көрсету кезеңінде қатысушылар өз бойларындағы өнері мен шығармашылық қабілеттерін паш етті. Қатысушылар ән айтып, күй тартып, терме орындап, өзге де өнер түрлері арқылы көрерменнің ықыласына бөленді. Әр үміткер өзінің орындаушылық шеберлігімен, шығармашылық ізденісімен және сахнадағы еркіндігімен ерекшеленуге тырысты. «Білімді мыңды жығады» атты үшінші кезеңде қатысушылардың білім деңгейі мен таным көкжиегі сыналды. Зияткерлік сайыс барысында жігіттер қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық ойындары мен ел тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл кезеңде олардың білімділігі, зеректігі мен тапқырлығы айқын көрінді. Ал «Күш атасын танымас» атты төртінші кезеңде қатысушылардың күш-қуаты, төзімділігі мен физикалық дайындығы сынға түсті. Жігіттер гір тасын көтеру арқылы өздерінің ептілігі мен қайратын көрсетті. Жаттығу барысында көтеру техникасы, орындалған қайталау саны, төзімділігі және қауіпсіздік талаптарын сақтауы ескерілді. Байқаудың соңғы «Ұлттық стиль – жаңа толқын» атты кезеңі де ерекше сипатқа ие болды. Бұл кезеңде қатысушылар ұлттық нақыш пен заманауи сән үлгісін үйлестіре отырып, өздерінің ерекше образдарын ұсынды. Заманауи streetwear стиліндегі киімдерге қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен дәстүрлі нақыштары енгізіліп, ұлттық құндылықтар жаңа қырынан таныстырылды. Қатысушылар сахнада модельдік жүріспен дефиле жасап, таңдаған киім үлгілерінің ерекшелігі мен ұлттық элементтерінің мәнін таныстырды. Байқаудың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін әділқазылар алқасы қатысушылардың өнері мен өнер көрсету деңгейін саралап, қорытынды шешім шығарды. Нәтижесінде Бас жүлде Шарбақты ауылының қатысушысына бұйырды. І орын Кенен ауылының үміткеріне берілді. Ал ІІ орынды Қаракемер және Қордай ауылдарының қатысушылары иеленсе, ІІІ орын Ноғайбай және Бетқайнар ауылдарының жігіттеріне табысталды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапаттарға ие болып, өз өнерлері мен қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әрбір қатысушы сахна төрінде өнер көрсетіп қана қоймай, өз ауылының намысын қорғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өзіндік үлесін қосты.