Жуырда, «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының» акт залында Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы мамандарының қатысуымен «Back to the 80–90s» атты ретро байқау өткізілді.
Ерекше форматта өткен шараның басты мақсаты – өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы қайталанбас сән үлгісін, әуенін, мәдениеті мен сол кезеңнің жарқын сәттерін қайта жаңғырту, қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ көтеріңкі көңіл күй қалыптастырып, өзара достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайту. Ретро кешке Жанар Байзақова, Ақниет Сүлеймен, Диляра Биссарахим, Эланора Бейсебек, Гауһар Қарақойшы және Диана Қапас қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар байқауға тыңғылықты дайындалып, өткен ғасырдың сәні мен мәдениетін заманауи көзқараспен үйлестіре отырып, өздерінің өнерлері мен шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Байқау бағдарламасы бірнеше қызықты кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар 80-90 жылдарға тән киім үлгілерін таныстырып, өзіндік ерекшелігін сахналық образдары арқылы көрсетті. Келесі кезеңдерде өткен ғасырдың тыныс-тіршілігін бейнелейтін көріністер ұсынылып, тарихи-танымдық сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды орындады. Әсіресе «Әуенді тап» кезеңі кештің көркін қыздыра түсті. Қатысушылар белгілі музыкалық шығармаларды әуенінен танып, өздерінің музыкалық білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Ал өнер сайысында әр қатысушы шығармашылық қабілетін танытып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Шара барысында, қатысушылардың белсенділігі мен сахна мәдениеті, өз образдарын аша білуі және байқаудың әр кезеңіне деген жауапкершілігі ерекше байқалды. Әрбір өнер көрсету кештің мазмұнын байытып, көрермендерді өткен ғасырдың естен кетпес кезеңіне саяхат жасағандай әсерге бөледі. Ретро әуендер мен сән үлгілері арқылы сол дәуірдің ерекше атмосферасы қалыптасты. Байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлде Қапас Дианаға табысталды. Ал өзге қатысушылар да белсенділігі мен өнер көрсету шеберлігі үшін бағалы қаржылай сертификаттармен марапатталды. Бұл марапаттар қатысушылардың еңбегіне берілген лайықты баға әрі алдағы уақытта шығармашылық ізденістерін жалғастыруға көрсетілген қолдау болды. Айта кету керек, мұндай мәдени-шығармашылық шаралар кәсіби ортадағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, ұжымдық мәдениетті қалыптастыруға және ортақ бастамаларға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.