ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

0

Мемлекеттік қызметкердің әдебі – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын өте маңызды ұғым. Өйткені, мемлекеттік қызметшінің тәртібі мен өзін-өзі ұстауына, кәсіби біліктілігіне және азаматтармен қарым-қатынасына қарап, халықтың тұтас мемлекеттік аппаратқа деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызмет атқаратын мамандардың әдеп нормалары айқын бекітілген. Қоғамның айнасы саналатын мемлекеттік қызметкерлер, соның ішінде мемлекет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалайтын қазынашылық органдарының қызметкерлері, өз іс-әрекетімен өзгелерге әрдайым үлгі бола білуі тиіс.

Халыққа қызмет ететін мамандардың адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жоғары жауапкершілігі, қоғам мен мемлекеттік мекемелердің сенімін ақтауы – әрбір қызметкердің басты міндеті. Мемлекет басшысының бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлығы «мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – халыққа адал әрі жедел қызмет ету» деген қағиданы нақты айқындап берді. Әсіресе, бюджет қаражатын игеру мен қаржылық операцияларды жүргізуде артық бюрократияға жол бермей, заңдылық пен ашықтықты сақтау – қазынашылық қызметкерлерінің күнделікті жұмысының негізгі өзегі.

Мемлекеттік қызметкер әдебі – кәсіби этиканың бір түрі ретінде мемлекеттік қызметтегі қатынастарды реттейтін моральдық-адамгершілік нормалар жүйесі. Ол қызметшінің мемлекетпен, әріптестерімен, мемлекеттік мекемелермен және азаматтық қоғаммен қарым-қатынасына қойылатын талаптарды қамтиды.

Уақыт талабына сай жетілдіріліп отырған заңнамамыз еліміздегі барлық мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына әрі қорған, әрі нақты бағыт-бағдар болары сөзсіз. Сонымен қатар, кодекс талаптарына сәйкес қызметкерлер әріптестерімен қарым-қатынас кезінде олардың ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан аулақ болуы тиіс. Ал басшылар қарамағындағы қызметкерлермен жұмыс барысында меритократия қағидаттарын қатаң сақтап, кадр мәселелерін шешу кезінде жерлестік, туыстық және жеке басына берілгендік белгілері бойынша ешкімге артықшылық көрсетпеуге міндетті.

Ойымды қорытындылай келе айтарым, мемлекеттік қызметкердің әдеп кодексі олардың қызметтен тыс уақытта да өзінің адалдығына, ар-ұятына және әдептілігіне қатысты қоғам тарапынан күмән тудырмауын талап етеді. Әрбір қазынашылық қызметкері парасаттылық пен адалдық стандарттарын берік ұстанып, өз ұжымы мен мемлекеттік органның беделіне кір келтірмеуі қажет. Үлгілі мінез-құлық пен кәсіби тазалық – ізеттілік пен мемлекетшілдіктің басты көрінісі. Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз орындау – әрбір мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы биік жауапкершілігі мен абыройлы міндеті.

Венера ТОКТАГУЛОВА, Қордай аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы – бас қазынашы

Leave A Reply

Your email address will not be published.