ӨЗЕКТІ СҰРАҚ – ТҰЩЫМДЫ ЖАУАП

0

«Әділет» партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, аудандық орталық аурухана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Мансап» орталығының басшылары, Қордай ауылдық округінің әкімі қатысты. Отырысқа кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков төрағалық етті.

Күн тәртібінде аудан тұрғындары үшін маңызды екі негізгі мәселе қаралды. Алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Бұл бағыттағы зерделеу қорытындысын Қоғамдық кеңес комиссиясының мүшесі Жаңабай Орақбай баяндады. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Мансап» орталығының өкілдері медициналық сақтандырумен қамту деңгейі және халыққа көрсетілетін қызметтер жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Отырыстың екінші бөлімінде Қордай ауылдық округінің 2026 жылы атқарған жұмыстары мен көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасы талқыланды. «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі комиссия» төрайымы Айнұр Алматаева округтегі жұмыстарға қатысты анықтаманы ұсынды. Ауылдық округ әкімі Әділет Қаспақбаев кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес нақты шешім қабылдады. Округ әкіміне елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау, көшелерді жарықтандыру жұмыстарының толық орындалуын қамтамасыз ету жүктелді. Сонымен қатар, жергілікті қоғамдастық пен Ардагерлер, әйелдер кеңестерінің жұмысын жандандыру және іс-қағаздарын заңнама талаптарына сәйкес ретке келтіру тапсырылды.

Қабылданған шешімдердің орындалу барысы биылғы жылдың 15 желтоқсанына дейін аудандық Қоғамдық кеңеске баяндалатын болады.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.