Қордай ауданында алғаш рет өнерлі өрендердің басын қосып, жас таланттардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған «Жұлдыз Арт Қазақстан» халықаралық өнер байқауы жоғары деңгейде өтті.
Өнер мен мәдениетті дәріптеп, дарынды жастарға үлкен сахнаға жол ашуды мақсат еткен байқау қатысушыларға ерекше шабыт сыйлап, шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Аталған байқау Қордай ауданының тумасы, халықаралық өнер байқауының ұйымдастырушысы, «Құрмет» төсбелгісінің иегері Ләззат Оңалбайдың бастамасымен ұйымдастырылды. Сонымен қатар шара ұйымдастырушының әкесі Әлімхан Оңалбайдың дүниеден өткеніне 15 жыл толуына орай, әке рухына тағзым етіп, еске алу мақсатында өткізілді. Өнер мерекесі тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор рухани шараға ұласты. Он жылдан бері еліміздің әр аймағын аралап, талантты жастардың басын қосып келе жатқан «Жұлдыз Арт Қазақстан» халықаралық байқауы өнерпаздардың қабілетін шыңдап, шығармашылық әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналды. Байқаудың басты мақсаты – өнерге құштар жас буынды қолдау, олардың талантын елге таныту және кәсіби сахнаға қадам басуына ықпал жасау.
Байқау барысында, қатысушылар өнердің ән және би бағыттары бойынша бақ сынап, өз шеберліктерін ортаға салды. Әрбір өнерпаз үшін бұл сайыс тек бәсекелестік алаңы ғана емес, тәжірибе жинақтап, өзге таланттармен танысып, шығармашылық тұрғыда дамуға берілген үлкен мүмкіндік. Байқаудың басты ерекшеліктерінің бірі – үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға халықаралық өнер додаларына жол ашылуы. Атап айтқанда, Гран-при және бірінші орын иегерлеріне Ташкент, Дубай, Үрімші, Ыстықкөл, Түркия және Грузия елдерінде өтетін халықаралық байқауларға тегін қатысуға мүмкіндік беретін арнайы жолдамалар табысталды. Сондай-ақ, әкеге тағзым арнайы марапаты хореограф Бану Тургумбаева және Алматы қаласынан келген Қалбиби Абдуллаеваға табыс етілді. Бұл жас өнерпаздарға шетел сахналарында өнер көрсетіп, өзге елдердің мәдениетімен танысуға және шығармашылық тәжірибе алмасуға жол ашпақ.
Байқаудың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар қатысушыларға сәттілік тілеп, өнер жолындағы ізденістері мен еңбектеріне табыс тіледі. Сонымен қатар байқаудың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне баға берген әділқазылар алқасы таныстырылды. Әділқазылар құрамында халықаралық байқаудың ұйымдастырушысы, «Құрмет» төсбелгісінің иегері Ләззат Оңалбай, М.Төлебаев атындағы өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ұлдан Шалабаева, халықаралық және ұлттық байқаулардың жеңімпазы, әнші әрі композитор, халық аспаптар оркестрінің жетекшісі Нұрбол Даниял, жоғары санатты педагог-хореограф, мәдени-тынығу жұмыстарының ғылым магистрі, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі, педагогика саласының үздік қызметкері төсбелгісінің иегері Асель Идрисова болды.
Қордай ауданында алғаш рет ұйымдастырылған «Жұлдыз Арт Қазақстан» халықаралық өнер байқауы қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлап, жаңа шығармашылық белестерге жол ашты. Өнерпаздар өз таланттарын танытып, көрермен ықыласына бөленді. Ал шараның Әлімхан Оңалбайдың рухына тағзым ету мақсатында өткізілуі байқаудың мазмұнын тереңдете түсті. Өнер мен тағзымды тоғыстырған тағылымды шара жас таланттарды қолдау мен рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі.