Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Темірдей тәртіпке бағынған қуатты әскердің құрамында ерлермен бірге иық тіресе еңбек етіп, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қыз-келіншектер де бар. Нәзіктігіне қарамастан әскери қызметтің қыр-сырын жетік меңгергендердің бірі – Сандуғаш Наханова. Қатерден қаймықпаған қайсар қыз ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп, отбасы мен жауапты қызметті қатар алып жүр.
Сандуғаш Бердіғалиқызы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ағәділ Сухамбаев ауылында өсіп-өнген. Әке-шешесінен жастайын айырылып, атасы Әбілқас пен апасы Сәндікүлдің тәрбиесінде өседі. Ауыл мектебін үздік бітіріп, Тараз мемлекеттік университетінің филология мамандығына оқуға түседі. 1998 жылы ҚР Қарулы Күштерінің қатарына қабылданған уақыттан бері әскери салада үздіксіз қызмет етіп, өткен жылы ғана құрметті зейнет демалысына шыққан. Әскери қызметтегі еңбек жолын Гвардейск гарнизонында 25717 әскери бөлімінде лаборант қызметінен бастап, 40-шы Отар әскери базасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің аға офицері лауазымына дейін көтерілген.
Өр рухты кейіпкеріміз әскери салаға деген қызығушылығым бала кезімнен басталған дейді: «Атам Әбілқас Нұржаубаев Ұлы Отан соғысының ардагері. Менің әскер саласына талпынысымның оянуына сеп болған да сол кісі. Соғыс кезіндегі әңгімелерін, әскери адамдардың қандай болатынын жиі айтып отыратын. Ал апама өскенде әскери адам болам десем, «Қой, ойбай! Қыз балаға әскерде не бар, болмайды» дейтін. Алла өзі аузыма салып тұр екен ғой, ақыры осы салаға келдім. Жоғары оқу орнын бітірген соң мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, Тараз қаласындағы №4 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім. Бірақ бойымдағы бала арманымды тұншықтыра алмадым. Бір күні қалалық әскери комиссариатқа барып, жұмыс сұрадым. Сол жердегі кісілер осы Гвардейск гарнизонына жіберген еді. Осылайша әскери қызметте жиырма жылдан астам еңбек етіп, 2021 жылдың 11 наурызынан бастап ҚР Қарулы күштерінің зейнет демалысына шықтым»,-дейді Сандуғаш Бердіғалиқызы.
Кейде ер адамдардың өзі шыдас бермейтін ауыр салаға келу батыл адамдарға тән қасиет. Әскери қызметтің қатаң тәртібіне бағыну үшін жұмысыңа деген шексіз сүйіспеншілік қажет деп есептейді кейіпкеріміз. «Бастапқыда маған осы салаға үйренісу қиынға соқты. Бірақ әскери қызметтен кету деген ой ешқашан болмапты. Еңбек жолымда кездескен қиындықтар керісінше мені одан әрі шыңдай түсті. Мен жұмысымды шексіз сүйетін, оған жан-тәніммен берілген адаммын. Өзімді Отанымның нағыз патриотымын деп сеніммен айта аламын. 2010 жылы офицер шенін алдым. Еңбек жолымды қатардағы жауынгер болып бастаған маған бұл зор қуаныш, үлкен бақыт. Өйткені офицер болу – әрбір қазақ жауынгерінің арманы».
Әскери салада еңбектеніп жүрген нәзік жанды қауымның жұмысы тиянақтылықты, өжеттілікті және табандылықты қажет ететіні әуелден-ақ белгілі. Осы саланы серік еткен арулардың еңбегі ерек. Себебі олар қиындығы мол мамандықпен бірге отбасындағы береке-бірліктің ұйытқысы болып отыр. Сандуғаш Наханова бір ұл, бір қыздың анасы. Қызы Арайлым аудармашы, қытай, ағылшын, қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген. Ал ұлы Рамазан Алматы қаласында стоматологиялық колледжде дантист мамандығы бойынша білім алуда. Қызығы мен қиындығы мол жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген Сандуғаш ханым секілді погон таққан аруларға қоғамның құрметі зор екендігі рас.
Сандуғаш Бердіғалиқызы 2021 жылы аға офицер лауазымынан кетіп, 40-шы Отар әскери базасының әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жетекшісі болып тағайындалған. Жұмысына адал, үнемі ашық-жарқын жүретін кейіпкеріміз көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өзіне жүктелген міндеттерді үлгілі атқаруының, кәсіби біліктілігі мен тәжірибелігінің нәтижесінде маңызды жетістіктерге қол жеткізген. Табысты еңбегі үшін әр жылдары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының грамоталарымен, Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
Жаны нәзік, рухы өр Сандуғаш ханым Отан қорғау тек ҚР Қарулы Күштерінің міндеті деген пікірдің аясында қалмай, әрбір азамат ел тыныштығы үшін күресуі тиіс деп есептейді. «Кешегі Әлия мен Мәншүктей мерген, Хиуаздай батыл апаларымыз Отанымызды соғыс даласында қорғаса, біз бейбіт өмірдің сенімді сақшыларымыз»,-дейді. Зейнет демалысына шықса да, әлі күнге дейін әскери салаға бүйірі бұрып тұратын отставкадағы аға офицер елі үшін қызмет ету үлкен мәртебе деп біледі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ