ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА БОЛУЫ ТИІС

0

Сейсенбі күні аудан әкімдігінде аудан басшысы Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, оның жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Аппараттық кеңестің күн тәртібіне енгізілген алғашқы сұрақ бойынша ең алдымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қ.Иманқұлов Қордай ауданы аумағында өрт қауіпті кезеңіне дайындығы және жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелері бойынша баяндама жасады.
Жамбыл облысы әкімінің 2022 жылғы 5 сәуірде бекітілген «Өрт қауіпті маусымында Жамбыл облысы аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» №71 Қаулысына сәйкес табиғи өрттерді жою және алдын алу бойынша дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда екендігі айтылды.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Ж.Бақаев өрт қауіпті кезеңіне арнайы жоспар бекітілгенін атап өтіп, ауданның дала аумақтарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету азаматтық қорғаныстың аудандық құрылымы қызметінің басты міндеттерінің бірі болып табылатынына тоқталды. Аудан аумағындағы өрт қауіпті кезеңіне дайындық барысымен танысқан Мәден Мұсаев тиісті сала мамандарына өрт қауіптілігі жоғары кезеңде дала және орман өрттерінің алдын алуға, экологиялық салдарын азайтуға және болдырмауға бағытталған бірқатар іс-шараларды орындауды тапсырды.
Жиын барысында жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қордай ауданы аумағында бірнеше арнайы суға шомылу орындары бар. Атап айтсақ, Қордай ауылындағы «Саяхат» демалыс орталығы, Бетқайнар ауылындағы «Алмаз» демалыс кешені, сонымен қатар «СССР», «Тұран», «Прайд парк» және «Sinba2di» дәмханалары жазғы шомылу бассейіндерімен қамтылған. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қ.Иманқұлов аталмыш демалыс орындарында судағы қауіпсіздікті және шомылу ережесін сақтау туралы ескерту тақтайшалары ілінгендігін айтты.
Аппараттық кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімі демалыс орнының басшыларына рұқсат етілмеген аумақтарда қауіпсіздік ережелері тақырыбында кеңінен үгіт-насихат жүргізілуін, күнделікті шомылу орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуын, су бойындағы демалыс орындарында спирттік сусындарды ішіп, суда шомылуға жол бермеуін қадағалап, аудан бойынша су қоймалары мен адамдардың көп жиналып суға түсуі мүмкін деген жерлерде қауіпсіздік шаралары туралы ескертпелер, тақтайшалар орналастыру қажеттігін тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.