ҚАЗАҚ ТІЛІМ – МЕНІҢ ҰЛТТЫҚ МӘРТЕБЕМ

0

ауыл қоймайды, қонағын төріне шығарып сыйлайды, өзі төмен отырып тыңдайды. Көмейіне сөз ұялап, көңіліне ой балалаған арғы аталарымыз әлімсақтан cөзге шешен болып өскен.

Жыланның көзіндегі мейірімді, қыранның көзіндегі мұңды, бұлбұлдың үніндегі сағынышты, аққудың бойындағы махаббатты, қасқырдың жүрегіндегі имандықты түсіну, құстың қанатындағы таңбаны оқып, шыбынның ызыңын ұғу, жұмбақ әлемнен сыр шерту, бұл тек қана осы ұлы даланың киелі би-шешендеріне ғана бұйырған болса, осы тылсым сырларды жеткізген де қазақтың тілі.
«Қазақты қазақ еткен мейірімді тілі, мейманды досы, мархаббатты төрі, мамыражай көңілі, бейбіт өмірі, шексіз пейілі, теңіздей сарқылмас өнері. Еңбектегі өлермендігі, өшпейтін өсиеті. Ұмытылмайтын қасиеті, арыстандай аңқаулығы, айбынды азаматтығы, азбайтын ары мен ұяты, тозбайтын жұраты! Оларды білген қазақтың асыл болар мұраты», – деп Қаздауысты Қазыбек би толғанады. Қазақ тілі – елдің қазынасы. Тіл – көңілдің бұлағы, ой-қоңырауы. Екі сөзінің бірінен мақалы мен өсиеті қалмайды. Қазақ тілінің шырыны – бабалар өсиеті. Өлмейтін өсиетті естіген кеуде еріксіз тулайды. Ол қасиетті қазақ тілінің құдіреті. Суға салса батпайтын, адуын ағысқа ақпайтын, мәңгілік мағынасы мен бояуын сақтайтын, саналы сүйсіне жаттайтын сөз жәннаты. Өсиет – тамырын терең жайған киелі мамағаш. Отқа жақса сөнбеген, жалынын таптаса күлі сөйлеген, тасты балқытып, темірді илеген қызыл тіл. Тектілігі тұлғасын сомдаған, қуанышы-қайғысын қара өлеңмен толғаған, көктің сырын ұғып, шөптің тілін білген, шеніне қарай шапан киген ел. Заманында Ескендір Зұлқарнайын айдаһардай ақырып келгенде, ұлы даланың ұрпақтарын ырқына көндіре алмай, жүні жығылып, қазақтың қарапайым болмысы мен көрегендігіне, қайсарлығы мен ептілігіне еріксіз тәнті болып: «Жыланды екі кессең, өледі, Қазақты жеті кессең, өседі. Қиналса да тектілігін сақтайтын, Қырсаң, қынадай қаптайтын ел екен. Айтып тауыса алмадым», – деп бекер айтпаған. Кешегі киіз үйде туып, жез самаурынның исі сіңген, қаймақ қатқан шайын ішіп, таңдап тұлпар мінген қазақтың бүгінгі ұрпағы, ұясын ұшпаққа салғаны анық. Маңдайына жаһандану дәуірінің бағы бұйырып, жайлы жатын, қарыны тоқ, киімі бүтін, ұйқысы тыныш, жоқшылықтың дәмін сезбеген, білімді тегін алса да, аяғының астынан арыны көрмейтін, өткенін біле бермейтін буын қалыптасты. Бірақ, бойында ұлттық рух, таза қаны бар ұрпаққа үрке қарап, кінә арту әбестік. Бұл өзіміз жіберген ұлттық тәрбиенің осалдығы екенін мойындауымыз керек. Әрбір дүниеге келген қазақ баласы – қазақша сөйлеп бел тіктемей, өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік тілдің қадірін ұғынбай, ішкен судың, татқан дәмнің, туған жердің салмағын ұғына алмайды. Қазақтың тіліндей әлемде бай тіл жоқ. Оның терең астары мен құндылығына қаныққан көңіл марқайып қалады. Қазақтың тілі – шексіз мұхит секілді, күллі әлемді қамтыса да бояуы өңбейді, әлемдік тілдермен теңестіре қалса, ноқтасын бермейтін ұлы тіл. Қазақ тілі- ұлтымыздың мақтанышы, елдің айнасы. Ұлтымыздың асыл қасиеті мен тектілігін дәріптеп, жеткізуші де ана тілі. Тілдің беделі бір күнде қалыптаспайды. Тіл беделі –ұлт мерейі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Ана тілінен артық қазақ үшін, бұл дүние де қымбат не бар екен!» – деген болатын. Қандай тауып айтылған ұлағат! Әрбір отбасы – өз алдына бір кіші мемлекет. Адам өз ұрпағы үшін өмір сүреді, ұрпағымен мың жасайды. Әр жас тұлға тәрбиені алдымен от басынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ұлағатты ой саптау да, уыз тәрбиенің ықпалының құнын байыптап береді. Жас бөбектер кеудесін тіктемей жатып, туған тілімен сусындаса, сол тілдің арқасында елдің тарихын, шежіресін, сөз киесін түсініп, ұлттық құндылықтардың бәрін есітіп, көңіліне тоқып өседі. Сондай ортада есейген тұлға, өз тілінің де, өзге тілдің де бағын аша біледі. Өзін жарылқаған ұрпақтың өзегі талмайды, сүйегі қатқанда алған тәрбиенің сіңімі болмайды. Қазақтың тілі – тектіліктің тұғыры, ол ұлттық намыс пен рухтың қайнар көзі. Өз тілін білмеген ұрпақ , алыстан бақыт тапқанмен, түптің түбінде өз кемшілігі үшін өкінетін болады. Өйткені, көп нәрсенің байыбына барып зерделей алмайды. Мәңгілік ел болуды мұрат еткен елбасымыз келер күнге көрегендікпен болжам жасайды. Ұрпақтың сауаттылығы мен парасаттылығы, қазақ елінің ертеңіне шексіз пайдасын тигізетінін күмән келтірмейді. Бұл қазақ тілінің әлемдік қарым-қатынас тіліне айналуына себепші болса игі. Осы орайда өз ойымды мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

Тіл өшеді демеңдер, тіл өлмейді,
Көштен қалмай у жұтып жүрер мейлі.
Тілім бар да дария кеуделердің,
Көмейінен төгілген жыр өлмейді.
Жоғалмаған талай жұт бас сұққанда,
Аман қалған топан су, аштықтан да.
Айдаудан да оралды ерлік жасап,
Қайраттыны қиындық жасытқан ба?
Кіндігінен ел өрген аналарым,
Туған тілге табынтқан балаларын.
Қарашықтай қастерлеп қанша ғасыр,
Бізге қорғап жеткізді бабаларым.
Тіл өледі демеңдер, ол өлмейді,
Олқы тұсын болашақ түгелдейді.
Тілеулесі даламның әруақтар,
Туған тілді құрдымға жібермейді.

«Тілдерді оқыту орталығы» Қордай аудандық бөлімшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.