ӨМІРІ ӨНЕГЕ ҰСТАЗ

0

Бауырмалдығымен күллі әлемге үлгі болған қазақ халқы тағдырдың тәлкегімен осында жер аударылып келген қаншама ұлтқа пана болды. Барымен бөлісіп, қанатының астына алды. Кейіннен олар қазақ жерінде тамыр жайып, өсіп-өркендеді. Мұнымен қоса түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылардың саны артты. Бүгінде олардың әрқайсысының өзіндік тарихы, өмірлік жолы бар. Осы орайда көпұлтты отбасының өкілі, Қордай ауылының тұрғыны Раиса Давлетова жайында бірер сөз қозғасақ.
Раиса Нұрғалиқызының есімі қордайлықтардың, әсіресе аға буын өкілдерінің арасында жақсы таныс. Көпшілік оны өнегелі және құрметті ұстаз ретінде таниды. Расында, ол бүтін өмірін білім беруге арнап, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген жан.
«Менің еңбек кітапшамда бар болғаны екі жазу бар. Біріншісі, М.Ломоносов атындағы №2 орта мектепте 4 жыл мұғалім болғаным болса, екіншісі қазіргі Б.Бөлтірікова, сол кездегі К.Маркс атындағы №4 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғаным. Болды. Еңбек өтілім 40 жыл», – деп әңгімесін бастады ардагер ұстаз.
Раиса Нұрғалиқызы 1948 жылы туылған. Отбасында үш қыз. Әкесі Нұрғали қазақ болса, шешесі Роза татар ұлтынан.
«Әке-шешем некелескен кезде Батыс Қазақстан облысында тұрған екен. Әкем таза қазақ, қазақша сөйлейді. Анам татар қызы араб, орыс, татар тілдерін жетік меңгерген. Екеуі шаңырақ құрғалы анам қазақ тілін де үйреніп, таза қазақша сөйледі», – деген Раиса Давлетова тіл меңгеруге деген құштарлық анасынан дарығанын алға тартты.
Анасы Роза көп жылдар бойы Қордай ауданында партия қызметінде, соғыс жылдары тылда аянбай еңбек еткен жан. Оның көпшілікпен оңай тіл табысуы, кез келген тілде емін-еркін сөйлеуіне өзгелерді таң-тамаша ететін. 1966 жылы орта мектепті және музыка мектебін үздік бітірген кезде анасы оған ақыл-кеңесін айтып, жол көрсете білді. Сөйтіп, Раиса Нұрғалиқызы Алматыдағы шет тілдер институтының ағылшын тілі факультетіне түсті. Білім ордасын 1970 жылы үздік бітіріп, қалған өмірін түгелдей ұстаздыққа арнады. 1982 жылы Рашид Узбеков есімді азаматпен отау құрады. Жұбайының ұлты татар. Екеуі 37 жыл тату-тәтті өмір сүріп, ұл өсіріп, одан бүгінде екі немере сүюде.
Ал, ұлы Арман Мадина есімді қызға үйленеді. Оның әкесінде татар мен украинның, шешесінде қазақ пен балқардың қаны бар. «Менің немерелерімде бірнеше ұлттың қаны бар. Бұл біздің көпұлтты мемлекетімізде жиі кездесетін ғажайып құбылыс», – дейді Раиса Нұрғалиқызы.
Олардың отбасы әр мейрамды үлкен ыждахатпен мерекелейді, әсіресе мұсылман мерекелері өте ұнайтынын айтады. Раиса Давлетованың әпкесі Саида Нұрғалиқызы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан, татар-башқұрт бірлестігіне 7 жыл жетекшілік еткен жан.
Өзінің 40 жылдық еңбек жолында Раиса Нұрғалиқызы «Білім беру саласының үздігі» атанып, небір белестерді бағындырған. Көптеген марапаттардың арасында Алматы қаласында өткен ағылшын тілінен «Қазақ-Америка» байқауында алған 2-орын өзіне ерекше ыстық.
Р.Давлетова «Ағылшын тілі клубын» ашып, шет елдерден мұғалімдерді тартып, оқушыларының тілді игеруіне үлкен көмек көрсеткен ұстаз. «Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезініп жүрген жандардың бірі менмін. Оқушыларым да әр түрлі ұлттан құралған болатын. Бір елде жүзден астам ұлт өкілдерінің дауласпай-жауласпай өмір сүріп жатқаны бір ғанибет. Ұстаз болған соң, азаматтардың өзге тілдерді оқып, меңгеріп жүргені маған өте ұнайды. Бізге білімді, әрі білікті ұрпақ керек», – деген Раиса апай.
Е.ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.