Ел экономикасының ілгерілеуі үшін мемлекет қаржысын ысырапсыз қолданып, қиындықтардан тиімді алып шығудың барлық мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Ал осындай жауапты да күрделі істі абыроймен атқарып келе жатқан Қордай аудандық қазынашылық басқармасының аудан экономикасының дамуы жолында алатын орны ерекше. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында мемлекет қаржысының сақшылары – қазынашылар туралы қалам тербемекпіз.
Республикалық бюджеттi атқару, жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына қызмет көрсету, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы бойынша операцияларды есепке алу, қамтамасыз ету саласында және мемлекеттік мекемелердің қолма-қол ақшаның тиісті бақылау шоттары мен мемлекеттік мекемелердің шоттары бойынша операцияларды өткізу саласында функцияларды жүзеге асыру, яғни аудандағы мемлекеттік, бюджет саласының қызметкерлерінің жалақысының, зейнетақы жарналарының, жәрдемақыларының және құрылыс нысандарының төлемдерін уақтылы, мақсатты төленуін жүзеге асыру – аудандық қазынашылық басқармасының құзіретіне кіреді.
Кез-келген мекеме жұмысының жоғары көрсеткішке қол жеткізуі басшылыққа тікелей байланысты екені белгілі. Аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Шахадат Нұртаев – ең күрделі саланы басқарып отырған білікті маман. Жиырма жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп, 2020 жылдан бастап аудандық басқарма тізгінін ұстаған тәжірибелі басшы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару – мемлекет қызметшінің негізгі міндеті деп санайды. «Мемлекеттік қызметші халқына адал, мемлекеттің мүддесін қорғайтын адам. Сондықтан бұл салада жүрген әр азаматқа үлкен талаптар мен міндеттер қойылады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің мәртебесі биік. Үкімет тарапынан қолдау да, жеңілдіктер де баршылық. Тек жұмысыңды абыроймен атқарып, антыңа берік болуды ұмытпау қажет»,-дейді Шахадат Сырымбетұлы.
Аталған мекемеде сегіз мемлекеттік қызметкер жұмыс атқарады. Қызметкерлердің қатарында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгемізді айналымға енгізуге атсалысқан, жаңа теңгені алғаш қолдарына ұстаған С.Мұсаханова сынды ардагер мамандар да бар. Қазіргі уақытта ол басқарманың жас мамандарына қазынашылық жүйенің қыр-сырын үйретіп, бағыт-бағдар беруде.
Бүгінгі күнде Қордай аудандық қазынашылық басқармасы заман талабына сай, қаржы саласына тиімділігі жоғары жаңа озық технологиялар негізінде жұмыс істейді.
«Қазынашылық – клиент» жүйесін енгізу қаржылық құжаттарды өңдеу сапасын арттыруға, мемлекеттік мекемелерде қағаз, уақыт және көлік шығындарын қысқартуға септігін тигізді. Мемлекеттік мекемелер өздерінің қаржылық құжаттарын қарап, өздігінен қажетті формаларды енгізе алатын болды.
Жалпы қаржы ісі – ерекше әзірлікті, жоғары білімді, өмірлік тәжірибені, тың жаңалықты игерудегі басымдықты қажет ететін сала. Ауданымыздың жылдан жылға толағай табыстарға жетуіне білікті қаржыгерлер сүбелі үлес қосуда. Сала мамандарын мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тілейміз.