Ойыншық тоқып, табыс табуда

0

Өмірде баланың шат күлкісінен артық сазды әуен жоқ шығар, сірә. Сәбиіңнің шынайы шаттығының куәсі болу үшін ұдайы сыйлық сыйлап, қуантып тұрғың келеді. Ал ол ойыншық дүкен сөресінен емес, қолдан жасалған болса тіпті керемет емес пе?!

Қордай ауылының тұрғыны Анна Лактионова соңғы бес жылдан бері қолынан жібі мен инесін тастамай, қолы қалт етсе ойыншықтар тоқумен айналысатын шебер. Алақанының жылуы сіңген дүниелеріне кішкентай бүлдіршіндермен қатар ересектер де қызығады. Қолөнершінің осы іспен айналысып жүргеніне бес жылдың жүзі болған. Тоқуды оқушы кезінде анасынан үйреніп, бастапқыда шұлықтар тоқуды ермек қылыпты. Жоғары сыныптарда оқып жүргенінде ғаламтордан ойыншықтар тоқуды үйрететін бейнероликтерді көріп қалып, қатты қызыққан екен. Содан бері өнердің бұл түрінен қол үзген емес. Жеті жасынан қолөнерді серік еткен Анна егер басқа шаруаларым болмаса бір тәулікте бір ойыншықты тоқып бітіре аламын дейді: «Алдымен ойыншықтың пішінін келтіріп тоқып аламын да, ішіне синтепон саламын. Кейін көзін, мұрнын, құлағын жасаймын. Айтпақшы, бүгін түнде мына мысықты тоқып шықтым. Бір айда 20 ойыншыққа дейін тоқи аламын, бәрі бос уақытымның болуына байланысты. Ойыншықтарды тігу үшін балаларға арналған гипоаллергенді жіпті пайдаланамын», — деп жұмысының қыр-сырымен бөлісті кейіпкеріміз.
Амигуруми – жапон стиліндегі тоқыма өнері. Жапондықтар осы тәсілмен тоқылған ойыншықтарды жақындарына сыйға тартады екен. Анна да ойыншықтарын тек сатып қоймай, сонымен қатар көпшілігін сыйға тартқанын айтады. Қордайлық қолөнершінің туындылары бүгінде мұхит асып та үлгерген: «Менің тоқыған ойыншықтарыма тек жерлестеріміз ғана емес, өзге қалалардан, тіпті шетелдерден де тапсырыс түсіп жатады. Мәселен, жуырда екі ойыншығым Германияға жол тартты. Сол жерде тұратын бір қызға менің туындыларым қатты ұнап қалып, ол Қордайда тұратын анасы арқылы тапсырыс берген болатын. Еңбегімді адамдар осылай бағалап жатса, одан асқан бақыт жоқ», — дейді тігінші.
Анна балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлері мен жануарларын тоқи отырып, балалық шаққа қайта оралғандай болатынын айтады. Ол өмірде өз ісін тапқанына дән риза. «Барлық нәзік жандыларға өзіңе ұнайтын, жаныңа ләззат сыйлайтын іспен, шығармашылықпен шұғылдан деген кеңес берер едім. Мысалы, мен ойыншық тоқи отырып күнделікті күйбең тірліктен демаламын, жаным жай табады».
38 жасар кәсіпкердің болашаққа қойған мақсаты да айқын. Ол жуық арада педагогикалық білім алып, өз ісін мектеп, үйірмелерде қолөнерге қызығатын оқушыларға үйретуді қалайды. «Қазір мені аудандағы көп мектептер жұмысқа шақырып жатыр. Бірақ әзірге арнайы білімім жоқ. Болашақта педагогикалық білім алып, шәкірт тәрбиелегім келеді», — дейді шебер. Он саусағынан өнер тамған Аннаның ісіне табыс пен береке тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.