ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ…

0

Осыдан бірнеше жыл бұрын Әлімбаев көшесі бойымен ағатын канал жанынан тұрғындар үшін арнайы аллея ашылған еді. Жан-жағы қоршалып, әдемі орындықтар қойылып, аппақ шамдар орнатылып, бір уақыт серуендеуге тамаша орын қордайлықтарға тарту етілген болатын.

Салтанатты түрде лентасы қиылып, ендігі уақытта осы маңға жақын тұратын адамдар әсіресе жаз айларында балалармен кешкілік серуендейтін орын болды, деп қуаныштарын жасырмағаны әлі есте. Сол аллеяның содан бері бір «жолы» болмай-ақ қойды. Қара күшін қайда жіберерін білмеген бәзбіреулер алдымен шамдарын қиратып, сол шамдар орналасқан трубаларын майыстырып кетіп жүрді. Бұл мәселені аудандық газет сол кездері көтерген болатын. Кейін Қордай ауылының әкімі Бақыт Сахатов өзі бас болып аллеяны қайта қалпына келтіріп, тіпті бейнебақылау камерасы да орнатылған болатын. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Демалыс орнының қазіргі жағдайын көрсең жаның ауырады. Ол жерге 34 жарықтандыру шамдары қойылған еді. Қазір шамдарын қиратқаны аздай 17 трубасын түбінен кесіп алып кеткен. Ең сорақысы, жағалай қоршауының алты данасын үптеп кетіпті. Қазір аллея қоршауы кетік тістей үңірейіп қалған. Әдемі орындықтары да бүліне бастапты.
Иә, камера тұр. Бірақ, оның жұмыс істейтіндігіне күмәніміз бар. Әрине, салып берген дүниені талқандап, қалғанын арқасына артып кеткендердің ар мен ұятына салмақ түспейтіні белгілі. Ертең аллеяға төселген брусчаткалар көзден ғайып болса таң қалмайтын сияқтымыз. Ал, осының барлығын бақылайтын, тәртіпті қадағалайтын, сол аумаққа жауапты учаскелік инспекторлар осы мәселеге не деп жауап берер екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.