ҚОРДАЙДА БІРЖАҚТЫ ЖОЛ ПАЙДА БОЛДЫ

0

Күн сайын Қордайдың ажары ашылып, жаңа ғимараттар бой көтеріп, көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп жатқанына көпшілік куә. Бұл жағымды өзгерістер халықтың көңілінен шыққанымен, кейбір адамдардың салдыр-салақтықтықтары көңілге кірбің ұялатады.

Жуырда, аудан орталығында алғашқы рет біржақты жол пайда болды. Қордай үлкен шаһар емес, мұның қажеттілігі де жоқ, оған қоса біршама ыңғайсыздық туғызатын шара сияқты. Алайда, Жеңістің 40 жылдығы көшесінің тұрғындары басқаша пікірде екен. Көше комитетінің төарағасы К.Сүйімқұловтың айтуынша, көше тұрғындары ауылдық әкімдік пен аудандық полиция бөліміне көшелерін біржақты ету бойынша тілекпен жүгінуге мәжбүр болған. Көшеге асфальт төселгеннен кейін жүргізушілер көше тұрғындары үшін қауіп төндіріп, көшеде жылдамдықты тым асырып жүретін болған. Жүргізушілердің көбі орталық Жібек жолы көшесінен осы жолмен жүргенді жөн көреді. Бұл көше ыңғайлы дегенді алға тартады темір тұлпарды тізгіндеген азаматтар. Әрине, олар қауіпсіздік ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмаса, шағым болмайтын еді. Алайда, жүргізушінің бәрі бірдей емес, арасында желмен жарысуды жақсы көретін жүргізушілер жиі кездеседі. К.Сүйімқұловтың айтуынша, жол апаттары болып, қақпаны соғып кеткен жағдайлар орын алған. Шыдамы тауысылған тұрғындар қол жинап, мемлекеттік органдарға жүгініп, нәтижесінде дегендеріне қол жеткізді. Бұл мәселенің шешу құзіретіне кіретін аудандық полиция бөлімі тұрғындардың тілегіне құлақ асып, тиісті өзгерістер енгізді. Енді Белашов көшесінен Подгорная көшесіне дейін Жеңістің 40 жылдығы көшесінің бөлігі біржақты, демек көліктер бір бағытта ғана жүре алады. Қазірдің өзінде тиісті жол белгілері қойылған көшенің аталған бөлігінде құқық бұзушыларды ұстап тұрған патрульдік көліктерді жиі көруге болады. Қордайлық көлік жүргізушілерге осы көшедегі ерекшелікке аса мән беруді ұсынамыз. Әйтпесе, айыппұл арқалауыңыз бек мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.