ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

0

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде Қордай ауданы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық келісім өкілдері мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында үш мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков баяндама жасап, аудан бойынша білім саласында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы турасында есеп берді. Баяндамашы аудан бойынша бала тәрбиесіне және балалар құқығын қорғауға бағытталған түрлі форматтағы іс-шараларға тоқталып, аудан оқушыларының спорт, білім, өнер салаларында жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жас мамандар үшін игілігі зор «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы да айтып өтті: «Бүгінгі күнде ауданымыздың білім беру ұйымдарында жалпы 2930 педагог, оның ішінде 125 жас маман жұмыс істейді. 2021-2022 оқу жылында 55 жас маман «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы 16 млн 846 мың 500 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды. Ал тұрғын үй сатып алуға төрт маманға төменгі пайыздық мөлшермен несие беріліп, әлеуметтік көмектер көрсетілді»,-деді бөлім басшысы.
Одан кейін сөз алған «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Р.Бедельбаев облыста жаңа бастама ретінде жуырда ғана іске аса бастаған «Әулиеата жастары» бағдарламасы туралы толыққанды ақпарат берді. Баяндамашының сөзінше, Жамбыл облысындағы жас отбасыларды қолдауға арналған бағдарлама өңір жастарына жеңілдікпен несие беріп, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында дайындалған. Аталмыш жобаға жасы 35-ке дейінгі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика саласында еңбек ететін өңір жастары қатыса алады. «Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы -13 млн. теңгеге дейін. Несие беру уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме және бастапқы жарнасы 5%. 20-30 шілде аралығында e-zhambyl.kz сайтында ЭЦҚ кілті арқылы өтінімдер қабылданады. Бағдарлама әкімшісі 30 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтінімдерді қарастырып, комиссия шешімімен оң нәтиже алған қатысушылардың жеке кабинетіне жолдама жібереді. Қатысушы берілген жолдамамен 10 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкке» жүгінеді. «Отбасы банк» АҚ мақұлдауынан кейін қатысушы 60 күн ішінде үй іздейді»,-деп хабарламашы бағдарламаның талаптары мен өтінім беру жолдарын түсіндіріп өтті.
Жиынды қорытындылай келе аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай жоғарыда талқыланған мәселелерге сай, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы барысын жандандыру, Қордай ауданындағы колледж түлектерін тұрақты жұмыспен қамту, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын кеңінен ақпараттандыруға қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, «Серпін- 2050» бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныстар берді. Ал кеңес отырысына белгілі себептермен қатыса алмаған Қақпатас, Аухатты ауылдық округ әкімдерінің есебі келесі отырысқа қалдырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.