Биыл Жаңа жыл қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді.
Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін нақтылады. Сол кезде Мемлекет басшысы: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деген еді.
«Әлем»дегенде менің көз алдыма ең алдымен Жер шары, бүкіл Жер ғаламшары елестейді. Бізді қоршаған әлем тамаша. Ол белгілі бір заңмен бағынады, белгілі бір ережелермен қозғалады, бірақ сол заңға барлық адамдар бағына бермейді, өзінен әлсіз адамдарға қарсы қастандық жасап зорлық — зомбылық көрсететін адамдар өкінішке орай көп кездеседі. Сонымен қатар, балаларға қарсы қылмыс кеңінен тараған. Бүкіл әлем балаларының құқығы туралы конвенция бар. Балалар құқығы туралы конвенция 1989 жылы 20 қарашада қабылданған. Десек те, әлемдегі ерлердің бірқатарында балалар құқығын қорғау мәселесі оң шешімін таппай отыр. Кейбір елдердің экономикасының нашарлығы, экологиялық ахуал балалардың білім алуына, денсаулығына, қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіріп, оларды қайыршылық күй кешуге душар етуде. Мысалы, қазір әлемде 130 миллиондай бала мектепке бармайды. Жер бетінде жыл сайын әртүрлі аурудан 12 миллионға жуық бала көз жұмады. Олардың көбі — ішерге асы, киерге киімі жоқ тұрмысы нашар отбасында дүниеге келген нәрестелер. Сондай ақ жылына бір миллиондай бала контрабанданың құрбаны болып, өз елінде немесе шет елдерге сатылады. Өмірдегі өз орнын таба алмай, адасып, түрлі діни ағымдардың арбауына кеткен жеткіншектер аз емес. Әр бала өмір сүру құқығына ие. Бұл жөнінде Балалар құқықтары туралы конвенцияның 6 — бабының 1 — тармағында «Мемлекет әрбір баланың өмір сүруге деген ажырамас құқығын таниды» деп көрсетілген. Баланы өмір сүру құқығынан айырған және балаға қарсы зәбір көрсеткен, сонымен қатар психикасына зиян келтірген адамды, менің ойымша, өмір бойына бас бостандығынан айыру керек.
Балалар — біздің болашағымыз! Олардың өмірін құртпайық! Керісінше, олардың жарқын келешегі мен ертеңі үшін ат салысайық! Ағылшын жазушысы Роберт Стивенсон айтқандай, «Албырт жасқа әлем аядай көрінеді». Әлі бұл әлемде дұрыс — бұрысын, ақ — қарасын айыра алмайтын балғындарды зорлық — зомбылықтан қорғап, арашалайық! Сондықтан зорлықсыз әлемді құруға талпынайық!
«Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы»