29 маусым күні Қордай ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге жұмысқа мұқтаж жандар, оның ішінде алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар, пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрған, жұмысқа жарамды мүгедектігі бар азаматтар және жас мамандар қатысты.
Шара барысында 46 мекемеден түскен 164 тұрақты жұмыс орындары ұсынылып, жұмыс іздеушілерге білім, денсаулық сақтау, экономика, заң салалары бойынша және өзге де әртүрлі жұмыстарға орналасу мүмкіндігі берілді.
Бұл күні жұмыс беруші ретінде келген 6 кәсіпорын және мекеме өкілдері екі қолға бір күрек іздеген азаматтармен сұхбат құрып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылған шараның нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 40-тан астам азаматтың ішінен 11 азамат тұрақты жұмысқа, 5 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға, 4 азамат жастар тәжірибесіне, 3 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.
Сондай-ақ, жәрмеңке барысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы сала мамандары толыққанды мәлімет беріп, солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
ЕКІ ҚОЛҒА – БІР КҮРЕК
Next Post