БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ЖЕКЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ

0

Барлығымыз «Балапан» бағдарламасы арқылы жекеменшік балабақшалардың ашылуы туралы естіп жүрміз. Кәсіпкерлер қаражатын салып, балабақша ашып, сол жерде бала тәрбиелеп, жұмыс жүргізіп жатыр. Ал Қарасу ауылында кәсіпкерлер осы әдіспен мектеп салуға көшкен.

Ауылдың кіре берісінде оң жағындағы жолдың бойында орналасқан бір қабатты ғимарат — болашақ мектеп. 300 балаға арналған мектеп өте ыңғайлы жерден орын тепкен. Жанында кеңес заманынан қалған саябақ бар. Нысанға барған кезде ғимаратты салумен айналысқан кәсіпкер Асхат Жаңбырбаев ішін аралатып, жүргізілген жұмыс туралы айтып берді. Жалпы ғимараттың құрылысын былтыр бастаған екен. Бір жылдың ішінде іргетасынан бастап, шатырына дейін салынған. Қазіргі кезде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.
-Мектеп 1-4 бастауыш сынып оқушыларын қабылдайды. Біздің ауылдағы №7 орта мектебіміз қазіргі таңда 3 ауысыммен оқып жатыр. Бала өте көп. Сондықтан, осы олқылықты түзеуге бел будық. Мектебімізде 12 қазақ және орыс тілінде оқытатын сынып болады деп жоспарлаудамыз. №7 орта мектептегі 1-4 сынып оқушыларының бір бөлігі бізге ауысады. Мектепте тиісті кабинеттер, 70 орындық асхана, спортзал, кітапхана, медициналық пункт, дәретханалар бар, — дейді Асхат Әлібекұлы.
Сонымен бірге бұл мектепте әр баланың өзінің керек-жарақтарын салатын жеке шкафы болмақ. Бұл балалар кітап тасудан арылады деген сөз. Тамыз айына қарай жұмысты толық бітіріп, заңға сәйкес камералар орнатылмақ. Кәсіпкердің айтуынша қазіргі таңда 200-ге жуық баланың ата-анасы мектепке балаларын беруге ықылас білдіріп отыр екен.
-Біздің Қарасу ауылы басынан аяғына дейін 7 шақырымға созылады. Бұл кішкентай балаларға мектепке жетуде қиындық тудырып келеді. Осы мектептің салынуы көп адамдарға жеңілдік алып келмек, — дейді Асхат Жаңбырбаев
Салынып жатқан негізгі мектеп «Қалам» деп аталады. Барлық оқыту процесі мемлекеттік стандарттарға сай жүргізіліп, толығымен білім беру жүйесінің бақылауында болады. Оқыту тегін. Қазіргі таңда 8 мұғалім жұмысқа тартылған. Болашақта мұғалімдер санын 16-ға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда ғимараттың әрлеумен бірге құжаттарды ретке келтіру жұмыстары жүруде. Кәсіпкер тамыз айында алдын ала кішігірім ашылу іс-шарасын жүргізіп, қыркүйектен бастап толықтай білім беруді бастамақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.