Қордай өңірі бір Дулат емес бар қазақтың тарихи тағдырында шешулі рөл атқарған киелі мекен, тарихи өлке. Әбілқайыр ханнан ат құйрығын кесіп Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1456 жылы Қозыбасы мен Шудың арасына келіп қазақ хандығының ордасын құрған мекен. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы қазақ үшін шоқтығы биік «Аңырақай шайқасы» өткен жер, қазақтың соңғы ханы Кенесарының қырғыздармен соғысқан Майтөбе мен Әулиешоқы да осы өлкеде.
Тәуелсіздік жылдары ел қорғаған батырлардың қатары толыға түскенімен есімі осы күнге дейін елеусіз қалып келе жатқандары да аз емес. Қазақ батырларының бәрін Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Мүйізді Өтеген, Шақшақ Жәнібек және т.б өлшемімен ғана бағалауымыз ақиқатқа жатпаса керек. Ал қазақтың қолын басқарған қолбасшылардың соңында жүздікті, мыңдықты басқарған жүздеген – қазіргі ұғыммен айтсақ офицерлік корпус тұрмап па еді? Қалмақтармен болған соғыста мен білетін Қордай өңірінің батырлары – Мүйізді Өтеген, Андақұл, Қабанбай, Жылқыайдар, Мүлкаман, Қарабек, Игілік, Тауасар, Жарылғап, Ерсары, Малдыбай, Қонысбай және т.б батыл ерлер туған жерін жаудан қорғаған. Жоғарыдағы батырлардың кейбірі кейін Абылаймен бірге қырғыздармен болған «Жайыл» қырғынына қатысады. Әрине, әр рудың әскерін басқарған батырлардың есімдері сол рулардың жауынгерлік ұранына айналды. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ ХҮІІІ- ХІХ ғасырда есімі рулар бірлестігінің жауынгерлік ұранына айналған хас батырдың бірегейі — Үсенұлы Қабанбай десек қателеспейміз. Қордайлық Қабанбай батыр Тілеуімбет руынан шыққан шоқ жұлдыз, аталмыш рудың темірқазығы, артында бір шоғыр аңыз-әңгімелер қалған ерен тұлға.
Тілеуімбет Қабанбай батыр көзсіз ерлігімен, жау жүрек батылдығымен қол бастап, елін жаудан қорғады. Осы ерлігінің өнегесі оның есімін Тілеуімбет руының жауынгерлік ұранына айналдырды. Осы бір дәйектің Қабанбай батырдың қалың бұқара арасынан шығып, елдің құрметіне бөленердей қызмет еткенінің айғағы. Осы дәрежеге қалай жетті? Батырлықтың өзі бірнеше сатыдан тұрады десек, Қабанбай бала кезінен қатар-құрбыларының арасынан өжеттілігімен, қайраттылығымен көзге ерте түседі. Әкесі Үсеннің жанынан бір елі қалмай асауды үйретіп, өзіне сай тұлпарды таңдап мінетін болған. Ер қаруы-бес қаруды да ерте меңгереді, жауына шауып үрейін ұшырады. Қабанбай батыр қазақ батырына тән барлық сатылардан сүрінбей өтіп еліне тұтқа болады. Қазіргі таңда елдің, артындағы ұрпақтарының жадында қалған аңызға бергісіз әңгімелер осылай дейді. Оның батырлығы, көріпкелдігі мен емшілігі қатар айтылады. Қордайлық тарихшы-өлкетанушысы Ниетжан Нүпбаевтың «Өмір бақыты» кітабінде: «Атақты Аңырақай шайқасынан кейін Шу жаққа кері шегініп келе жатқан жоңғарларды Тоқмақ қаласына қарай Сұлутөр арқылы өтпек болғанда, Қабанбай батыр жасағымен «Екі ашада» тосып алып көп шығынға ұшыратады. Қалған жау қашып «Ешкілі-Қордай» даласына бет алған, ол жерде де қазақ жасақтарына тап болып қырғынға ұшыраған. Еркебай Әбдіұлының, әкем: «Жердің жағдайын жақсы білетін Қабанбай батыр бес жүздей сарбазымен қалмақтардың бес мың қолын Көктөбе, Шоқпартас, Қарауыл төбе және т.б жерлерде тосыннан келіп қырғыйдай тиіп қырғынға ұшыратқан, яғни соғыс тактикасын жетік меңгеріп жеңіске жетіп отырған» — деп айтуы батырдың талантты қолбасшы болғанын аңғартады. Сонымен бірге, Қабанбай батыр дарынды емші де болған көрінеді.Табиғаты сұлу киелі Сұлутөр өңірінің қасиетті шөптерінен дәрі жасатып, майданда садақтың оғы, найзаның ұшы, қылыштың жүзінен жарақат алған сарбаздарды «дала госпиталінде» емдетеді, өзі де атсалысып, туған жерге деген сезімін осылай ақ білектің күшімен, жасаған емшілігімен өтейді. Қабанбай батыр көріпкел, әулиелігімен де ел жадында сақталған тұлға. Ел аузындағы аңыздың бірінде, ол әйеліне: «Мен қайтыс болғанда, денемді киізге орап, сапарға кеткен балаларым келгенше талға байлап қойыңдар» — деп өсиет айтыпты. Батырдың әйелі оның аманатын орындап, киізге орап, талға көтеріп байлап қояды. Балалары келіп шешелерімен көрісіп, әкесінің сүйегін жер қойнауына бермекке ағаштан шешіп алады. Әкелерінің сүйегі сол қалпы бұзылмаған қалпында сақталыпты. Қазіргі таңда артындағы ұрпақтарының атсалысуымен Сұлутөр өңірінде, «Екі ашаның» шығыс жағында ақ кірпіштен еңсесі биік күмбез тұрғызылған. Күмбезден бұрын мұнда гранит тастан ескерткіш орнатылған болатын. Осы гранит тасты Отарбаев Марат ағамыз тұрғызды.
«Басымнан өткен бір мистикалық оқиғаны айтып берейін. Бәлкім бұған біріңіз сенерсіз, біріңіз сенбессіз. Өйткені мен өзім де сол бір оқиғаға дейін молда, дұға дегенге сене бермейтінмін. Қазақта «Рух», «Әруақ» деген түсініктер бар екенін білеміз. Бірде ауылға жол тартып, қайнардың тұсына жеткенде белгісіз себептерден машинамның моторы сөніп қалды. Машинамды әрі шұқылап, бері шұқылап оталдырамай қиналдым. Жанымдағы жұбайымның атасы үлкен молда болған кісі екен, апасынан үйренген дұғаларды айтып қол жайып рұқсат сұрады, машинамыз оталып, баратын жерімізге жеттік.
Осындай жағдай бірнеше рет қайталанды. Ауылдағы ағайынның құлағына жетті. Содан бұл жағдайдың сырының шеті ашылды. Оңалбай деген ағайыным келіп маған айтты: «Әкең аманатын орындай алмады. Менің де жағдайым болмады. Енді саған аманат» деді.
Көп кешіктірмей бір малды алып, құрбандық шалып, тура осы атаның қонысы деген жерге малдың қанын тамызып, Құран оқытып тас қойдым.
Бала кезімізде әжелеріміз «Зираттардың қасынан өткенде тілдеріңді қалимаға келтіріңдер, жамандыққа ұшырайсыңдар» немесе «Өлі разы болмай тірі байымайды» деп айтушы еді, баламыз ғой оларды өтірікке санап, аса мән бермеуші едім. Келе-келе сондай жұмбақ құбылыстардың бар екенін мойындадым», — дейді Марат ағамыз.
Ел аузындағы келесі бір әңгіме – ұзақ уақыт бала сүйе алмай жүрген келіншектер Қабанбай батырдың бейітінің басына түнегеннен кейін бала көтеретін болған дейді. Үлкен Сұлутөрде ұлты грек, бір азаматтың баласының түсіне кіреді, баласы ауыра береді. Сонда барып Құран бағыштағаннан кейін құлан таза айығып кетеді. Байтенов Жұбаныштың айтуына қарағанда Қабанбай бабасының иесі есік пен төрдей үлкен қара бұқа екен. Алғашында Сталин колхозының бастауыш сыныптарға арналған мектебін Қабанбайдың бейітінің маңына салмақшы болады, қабырғасын қалаймыз, — деп кірпіш түсіреді. Тап-тұйнақтай жиналып тұрған кірпішті батырдың иесі қара бұқа келіп, сүйкеніп, мүйіздеп құлата береді. Қарашекпенділер кірпішті қанша жинаса да оқиға қайталана береді. Сонда, сол маңайда тұратын қазақтар: «Мұнда киелі адам, Қабанбай бабамыз жатыр», — деп ескертеді. Ақыр аяғында кірпішті басқа жерге апарып, мектепті сонда салған екен. Әрине, бір мақаланың ауқымына ел аузындағы басқа да аңыздарды сыйдыру мүмкін емес. Қабанбай баба ірі денелі, кең жауырынды, оң жақ қабағында үлкен қалы бар деседі бұрынғы үлкендерден естіген азаматтар.
Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары әкем Қарабасұлы Қырықбаймен ары-бері көшіп, қыстау мен Ойжайлаудың арасына «Красный Октябрь» колхозының бір отар қойын айдап өткенде «Екіашаны» (Тоғызбай сайын) басып өтіп Қабанбай батырдың бейіті жатқан жермен өтетінбіз. Әкем марқұм, міндетті түрде алдын ала қара атынан түсіп, біраз жер жетектеп жүріп келіп, Қабанбайдың басына құран бағыштайтын, қайнарынан су ішетінбіз. Ол кезде мен 12-15 шамасындағы жасөспірім едім. Содан бері жарты ғасырдай өтіпті. Жерлесіміз ақиық ақын Сарбас айтпақшы, соққан желдей зырылдап өткен уақыт-ай десеңші!
Туған өлкесін жаудан қорғап, ерлік пен елдікті ту еткен Қабанбай батыр артындағы өскелең ұрпақтың санасында мәңгілікке тұлғалануы керек-ақ. Осындай жанкешті бабалардың өнегесімен тәрбиеленген қазіргі ұрпақ бақытты дер едім. Қабанбай батырдың өнегесі өз дәрежесінде тарихи бағасын алу мақсатында Үлкен Сұлутөр мешітінің аты, аудан орталығы Қордайдан көшенің аты берілсе құба-құп болып, рухы шат-шадыман болар еді. Ел іргесі аман болып, Қабанбай батырдың рухы қордайлықтарды, барша қазақты қолдай жүрсін!
Жандарбек ҚАРАБАСОВ, қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі